Бүгін Қозыбаев университетінің ғылыми-зертханалық корпусына жиналған ұл-қыздардың қарасы қалың. Бірақ, олар – студенттер емес, талапкерлер. Өңіріміздің әр ауданынан келген жастар құжаттарын тапсырып, мамандығын таңдау жолындағы алғашқы қадамдарын жасауда.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:
— Биыл жаңа оқу жылына республика бойынша 90 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде біздің университетке қос дипломдық бағдарлама бойынша 100 грант, бірлескен оқу бағдарламаларына 300 грант және педагогикалық мамандыққа 160 әрі “Серпін” бағдарламасына 145 грант бөлінді.
Жалпы, Қозыбаев университеті 130-дан астам бағдарлама бойынша маман даярлайды. Биыл білім ордасына 2 мыңға жуық талапкер қабылдау жоспарланып отыр.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Өтінімдерді қабылдау процесі толық цифрландырылған. Арнайы комиссия талапкерді 5 минуттың ішінде қабылдайды. Қазіргі таңда білім ордасының қабырғасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар білім алады. Бұдан бөлек университетте өзге елдің азаматтары да оқиды. Атап айтсақ, бізде әлемнің 16 мемлекетінен келген студенттер білім нәрімен сусындап жүр.
Білім ордасына оқуға түсу үшін келген жандардың бірі – Глеб Бекиров. Қызылжар ауданының тумасы “Биотехнолог” мамандығы бойынша білім алмақ ниетте.
ГЛЕБ БЕКИРОВ, талапкер:
— ҰБТ-дан мен 93 ұпай алдым. Оған ұзақ уақыт дайындалдым. Мектеп қабырғасында биология және химия пәндеріне қызығатын едім. Сол себепті, биотехнолог боламын деп шештім. Қозыбаев университетінде білім беру сапасы жоғары. Алдағы уақытта грантқа түсемін деген ниет бар.
Айта кетейік, қабылдау комиссиясы құжаттарды 13-20 шілде аралығында қабылдайды. Білім гранты конкурсына қатысу үшін талапкерлер өтінімдерін “eGov” порталы арқылы немесе университтетің қабылдау комиссиясына тікелей келіп тапсыра алады.

