Kurultai banner mobile

Білім

Қозыбаев пен Аризона университеті арасында ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

Өңірімізге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффт, Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла мен еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келіп кетті. Алыстан ат терлетіп жеткен меймандар облыстық әкімдік қабырғасында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Біз үшін Аризона университетінің делегациясын қабылдау үлкен мәртебе саналады. СҚО – Қазақстанның жетекші агроөнеркәсіптік өңірлерінің бірі.

Дамудың даңғыл жолында қарқынды бәсеңдетпеген маңызды. Ал ол үшін шет елдермен тығыз қарым-қатынас та қажет. Бұл тұрғыда сонау АҚШ-тағы Аризона университетін мысал ете аламыз. Айшылық алыс жердегі білім ордасы мен Петропавлдағы Қозыбаев универсиеті арасында ынтымақтастық орнағаны мәлім. Ендігі міндет – жаңа кезеңге аяқ басу.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

— Астанада үлкен жиындар өтті. Үкімет басшысымен кездестік. Біздің ендігі мақсат – бірлескен ғылыми жобалармен айналысу.

Арадағы байланыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы орнады. Халықаралық әріптестіктің маңызын меймандар да түсінеді.

СУРЕШ ГАРИМЕЛЛА, Аризона университетінің президенті, АҚШ:

— Бұл – менің Қазақстанға алғаш келуім. Елдеріңізге келгеніме 3 күн болды. Аса қажет 7 кездесу өткіздік. Президенттеріңіз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, жауапты министрліктің, жергілікті университет басшылығының қолдауын сезініп отырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірлесе атқаратын жұмыстар жетерлік. Біз ғылым бағытына көңіл бөлсек дейміз. Баршамыз үшін пайдалы жаңа жобаларды өмірге әкелу – ендігі ұранымыз!

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың алдағы басым бағыттарын айқындайтын меморандумға қол қойды. Бұл құжат сенімді серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Осы орайда аз-кем сандармен де бөлісейік. Қазір Қозыбаев пен Аризона университетінің бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша 1 249 студент оқуда. Жастардың 350-ден астамы қос диплом бағдарламасы аясында тәлім алуда.

Байболат Құлтанов