Тарихи күн, тарихи оқиға! Петропавлдың басты алаңында «SAMGAU-2026» диплом табыстау кеші өтті. Салтанатты шараға білім мен спортта алғыр, қоғамдық өмірде белсенді 276 жас шақырылған. Бұл – жоғары оқу орнының мақтанышы. Олардың қатарында Қозыбаев пен Аризона университетінің бірлескен қос дипломдық бағдарламасының алғашқы 31 түлегі де бар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Биыл университетті 1502 түлек аяқтағалы отыр. Оның 980-нен астамы мемлекеттік тапсырыс аясында оқыды. Қозыбаев пен Аризона университетінің әріптестігі – өңірдің ерекше жетістігі.
Бұл өңіріміз үшін, тұтас Қазақстан үшін зор жетістік. Теріскейден озық ойлайтын, елді дамыту – менің міндетім деп санайтын Мағжан сенген жастардың жаңа буыны шықты. Олар сары алтынмен пара-пар. Қазір түлектерге талас жүріп жатыр десек те болды. Мұны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өзі айтты.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
— Бір ғана көрсеткішке назар аударайық! Бүгін диплом алатын балаларымыздың барлығы жұмыспен қамтылды. Магистратураға, докторантураға түсуге шақырту алды. Біздің балаларды Милан, Турин, Аризона, Брэдфорд университеті шақырып жатыр.
Сонымен көптен күткен сәтке де жеттік. Аты-жөні аталып, сахнаға шақырылған түлектерге Ғауез Нұрмұхамбетов, Саясат Нұрбек пен Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффт және Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла диплом табыстады. Бұл сәтте көкіректерін қуаныш кернеген ата-аналардың төбесі көкке жетті.
Нұргүл Сыздықова – Алматыда мектепті аяқтаған Петропавлдың тумасы. Жоғары білімді кіндік қаны тамған шаһарда алуды жөн көріпті. Бүгін қолына тиер қос диплом талапты жасты өрге сүйремек.
НҰРГҮЛ СЫЗДЫҚОВА, түлек:
— Осы бағдарлама туралы айтсам, 4 жыл білім алдық. 1 семестр Америкада оқыдым. Мен неге осы мамандықты таңдадым? Медицинамен өмірімді байланыстырғым келді. Алматыда, Астанада, Қарағандыда оқығым келді. Алайда, соңында ерекше бағдарламаға байланысты Петропавлға келдім.
Қос кетейік, қара шаңырақ саналатын Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін биыл аяқтайтын түлектердің 262-сі үздік дипломға ие болды.
Байболат Құлтанов

