Kurultai banner mobile

Спорт

Жас тоғызқұмалақшы тарихи нәтижеге қол жеткізді

Әлихан Тоқышев – енді Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін мектептің ғана емес, күллі облыстың мақтанышы. Ол жақында тоғызқұмалақтан өткен ел біріншілігіне қатысып, күміс жүлдені қоржынға салды. Мұндай жетістікке өңірімізде бірде-бір адам жетпеген. Бұл – алтынмен пара-пар тарихи медаль. Жарыста оқушы тоғызқұмалақтың классика және рапид түрі бойынша бақ сынапты.

ӘЛИХАН ТОҚЫШЕВ, тоғызқұмалақтан облыс құрамасының мүшесі:

— Классика түрі бойынша ойнап, 9 ұпайдың 4 ұпайын алдым. Ал рапид түрі бойынша 7 ұпай еншіледім. Бастапқы 6 турда ұттым.

МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан СҚО-ның аға жаттықтырушысы:

— Әлиханды 3 жыл дайындап келеміз. Бұл бүкіл облысымыздың жеңісі деп білеміз.

Тоғызқұмалақтан Астанада өткен Қазақстан чемпионатына әр аймақтан жиналған 450-ден астам оқушы қатысыпты. Өңіріміздің намысын ойы ұшқыр 25 бала қорғаған.