Kurultai banner mobile

Білім

Университет түлектеріне диплом табысталды

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті агротехнологиялық факультетінің түлектеріне диплом табысталды. Салтанатты кеште 6 бакалавриат және 3 магистратура мамандығы бойынша білім алған жастар сахнаға шықты.

Табысталып отырған диплом жай ғана құжат емес. Бұл – үлкен өмірге жетелейтін айқын билет. Енді жастардың алдында зор міндет тұр – Қазақстанның дамуына, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу. Мағжан сенген бүгінгі қыз-жігіттердің арасында агрономдардың саны басым.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ агрономия және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі:

— Бүгін 146 түлек диплом алып жатыр. Соның 46-сы – агроном. Түлектерге сәттілік тілейміз!

Бүгін жүрекжарды тілек пен құттықтау қабылдаған жастың бірі – Камила Катиенова. Талапты қыз агроном атанды. Білімге деген құштарлық, мамандыққа деген махаббат оны үздік түлектердің қатарына қосты.

КАМИЛА КАТИЕНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ түлегі:

— Осы 4 жыл нәтижелі өтті. Қызыл диплом алып отырмын. Қазақтанда, Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы әрмен қарай дамиды деп ойлаймын.

Айта кетерлік жайт, агротехнологиялық факультеттің түлектеріне сұраныс жоғары. Жастардың басым бөлігі бүгінгі күннің өзінде жұмыспен қамтылған.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ агрономия және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі:

— Агротехнологиялық факультет – үздік факультеттің бірі. Қазіргі таңда біздің түлектердің 80 пайызы жұмыспен қамтылған.

Факультет түлектеріне диплом табыстау кешінде ән де шырқалды. Сахнаға шыққан өнерпаздар қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған жастар мен ата-аналарға ерекше шаттық сыйлады.

Байболат Құлтанов