Петропавлда “QYZYLZHAR MUSIC FEST” фестивалі жалғасуда. Кезекті күн классикалық музыканы жаны сүйетін қауымға арналды. Сахнада елдің түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елдерден де келген танымал әртістер өнер көрсетуде. Басты қонақ – италиялық опера жұлдызы, тенор және фортепиано шебері Анджело Форте.
Шетелдік қонақ Қазақстанға бұған дейін де ат басын тіреген. Алматы, Астана, Талдықорған және Ақтөбе қалаларында болып, жұртшылықтың жүрегіне жол тауыпты.
АНДЖЕЛО ФОРТЕ, опера әншісі, Италия:
— Мені шақырғандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Қазақстанда өте қонақжай халық тұрады. 23 сағат жол жүрсем де осы жерге көтеріңкі көңіл-күймен келдім. Бүгінгі концертте тоскандық, италиялық, неополитандық опералық әндерді орындаймын. Одан бөлек, ұлттық киімдеріңізді киіп, қазақ опера әнін шырқайтыныма ерекше толқып тұрмын. Бұл өнерімді сіздерге арнаймын.
Сахна төрінде отандық әртістер мен таланттар да жетерлік. Қызылорда облыстық филармониясының әртісі Ақылбек Табынбаев Петропавлға алғаш рет келіпті. Бойындағы өнер әкенің қаны, ананың сүтімен берілген.
АҚЫЛБЕК ТАБЫНБАЕВ, Қызылорда облыстық филармониясының классикалық әншісі:
— Петропавл қаласына бірінші рет келіп отырмын. Қала көркімен өте қатты ұнады. Мені әріптесім және досым Асхат шақырған болатын. Бүгін көп шетелдік және отандық туындыларды орындайтын боламыз. Концерт биік деңгейде өтеді деген сенімдемін.
Классикалық кештің атмосферасын қалыптастыруда Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі де маңызды рөл атқарды. Оркестр – сахнаның жүрегі. Алена Паршина – саксофоншы. Аспапты оқушы кезде меңгерген. Сахнада 8 жыл бойы өнер көрсетіп келеді. Өңіріміздің көптеген маңызды мәдени іс-шараларына қатысқан.
АЛЕНА ПАРШИНА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің саксофоншысы:
— Бүгінгі кешке эстрадалық және классикалық бағдарлама дайындап әкелдік. Саксофонның үні 2 жанрда да керемет үйлеседі. Тыңдарманды әріптестеріммен жыл сайын таңғалдыруға тырысамыз. Репертуарымызда 200-ден астам әуен жиналып қалды. Ал жеке басыма джаз стиліндегі музыканы орындаған ұнайды.
Әсем музыканы тыңдаушылардың арасында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те болды. Концерт көрерменнің көңілінен шықты. Тыңдарман қауым өз әсерімен бөлісті.
Айта кету керек, “QYZYLZHAR MUSIC FEST” фестивалі мұнымен тоқтамайды. Мереке шілденің 11-ші жұлдызына дейін жалғасады.
Жаннұр Бектұрғанова

