Kurultai banner mobile

Спорт

Қарттар мен жастар арасында дойбыдан сайыс өтті

Облыс орталығында қала күніне орай қарттар мен жастар арасында дойбы ойнаудан турнир ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қатысушылардың логикалық ойлау қабілеттерін шыңдап қана қоймай, ұрпақ сабақтастығын нығайту.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Дойбы – қазақ халқының сүйіп ойнайтын ойындарының бірі. Жастар да, қариялар да бұл ойынды ойнайды. Рухани бай адамдар дегеніміз – дені сау спортпен шұғылданатын, өнермен айналысатын адамдар және де ұрпақтармен рухани сабақтастық деген бар. Өзіміздің өнерімізді жастарға көрсеткіміз келеді. Сондықтан да бүгін жастар мен ардагерлер арасында дойбы турнирін өткізіп жатырмыз.

Турнирге 20 ойыншы қатысты. Оның 10-ы ардагерлер кеңесінің мүшесі болса, қалғаны – жастар ресурстық орталығының өкілдері. Ерназар Абай – дойбы, тоғызқұмалақ десе ішер асын жерге қоюға әзір жастардың бірі. Қарсыласты тез ұтудың тәсілдерін біледі, бірақ бұл жөнінен ардагерлердің машығы мығым дейді.

ЕРНАЗАР АБАЙ, волонтер:

— Маған осы ойындар өте ұнайды және бұл – бос уақытымда шұғылданатын ісім. Бізді ардагерлердің шақырып отырғандары біз үшін зор мәртебе. Біз оларды сыйлаймыз, құрметтейміз. Өзімнің құрдастарыммен және ардагерлермен ойнаған кезде, ардагерлерді ұту қиынырақ соғады, өйткені олардың тәжірибелері мол.

Турнир тартысты өтті. Екі жақ та әдемі ойын өрнегін көрсетті. Сайыс соңында ешкімнің аты аталып, түсі түстелген жоқ. Бірлік пен сыйластық жеңді.
Барлығы бірдей мақтау қағаздары мен бағалы сыйлық алып марқайды.

Аружан Сұлтанова