Kurultai banner mobile

ТЖ

Есіл ауданында командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Шілденің шіліңгір ыстығы өңір тұрғындарын әбігерге салып ғана қоймай өрт қаупінің артуына да алып келеді. Осы ретте Есіл ауданында табиғи өрттердің алдын алу және төтенше жағдайларға дайындықты пысықтауға бағытталған кешенді командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Іс-шараға азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті атқарушы органдар, құтқарушылар қатысты.

КИРИЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

— Аталмыш командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынына 56 техника және 120-ға жуық адам жұмылдырылды. Мұндай іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Мысалы, дәл осындай жиын мамыр айында Тимирязев ауданында өткен болатын. Жоспар бойынша келесі кезекте оқу-жаттығу жиыны Петропавл қаласында да өтеді.

Командалық штабтық оқу-жаттығу жиынына облыстық орман шаруашылығы да қатысып отыр. Облыстық аймақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Қайрат Қалықовтың сөзінше, жасыл желек жанашырлары үшін бұл төтенше жағдайларда дайындық деңгейін пысықтайтын маңызды алаң.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

— Орман өртінің алдын алуға Есіл орман шаруашылығының ұжымы қатысады.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Корнеевка ауылы маңында құрғақ шөп тұтанып, күшті желдің әсерінен өрт орман алқабына тараған. Салдарынан тілсіз жау жасыл желек төңірегінде орналасқан елді мекенге қауіп төндірді. Өрт туралы хабар келгеннен кейін ең бірінші болып тілсіз жауды ауыздықтауға аудандық орман шаруашылығының қызметкерлері жұмылдырылды.

Кейін іске өрт сөндірушілер кірісті. Құтқарушылар арнайы техникамен қызыл жалынды сөндіруге тырысты. Бұдан соң өрт сөндірушілер елді мекен тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшірді. Өрттің салдарынан екі бірдей тұрғынды күйік шалды. Зардап шеккендерді жедел жәрдем қызметкерлері дер кезінде арнайы пунктке жеткізді. Онда азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қызыл жалынды ауыздықтап, оның ары қарай таралмауына септігін тигізген жандардың бірі – Владимир Самусенко. Орманшы-инспектордың сөзінше, оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті.

ВЛАДИМИР САМУСЕНКО, Есіл орман шаруашылығының орманшы-инспекторы:

— Біз қызыл жалынды дереу ауыздықтадық. Ең бірінші болып соқамен жер жырттық, бұл өрттің ары қарай таралмауына септігін тигізді. Жалпы, оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтті. Биылғы жаз өте ыстық, сол себепті далада орын алатын өрттер де жиіледі. Осыған байланысты адам өмірі мен өрт қауіпсіздігіне жауап беретін мамандар сақадай сай болуы тиіс.

Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері өңірде 20-ға жуық дала өрті тіркелді. Ал былтыр қызыл жалынның небәрі 5 дерегі анықталған еді. Осы ретте мамандар өрт қаупі жоғары кезеңде сақтық шараларын күшейтуді ескертеді.

Ұлан Ыдырыс