Kurultai banner mobile

Мәдениет

Су шаруашылығы саласы мамандары мадақталды

Елімізде жыл сайын 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Мерекеге орай “Қазсушар” кәсіпорнының “Есіл су” филиалында салтанатты жиын өткізілді. Шарада филиалдың бас инженері Никита Забавин мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әлішер Беспаев сала қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Су – экономика мен ауыл шаруашылығы үшін басты ресурс. Мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Күрделі саланың жүгін арқалап жүрген жандардың бірі – Самат Смағұлов. Ол 14 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бүгінде жобалау бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқаруда.

САМАТ СМАҒҰЛОВ, “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалы жобалау бөлімінің басшысы:

— “Есіл су” филиалында 2012 жылдан бері еңбек етіп келемін. Биыл 14 жыл болды. Алғашында жобалау-сметалық бөлімінің инженері болып бастадым. Солтүсік Қазақстан облысындағы топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын әзірлеуге қатыстым. Кейін лауазымым көтерілді. Біздің бөлімнің міндеті – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды дайындау және іске асыру. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын!

Өңірдегі су шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген жанның тағы бірі – Қайырбек Көшекпаев. Оның еңбек жолы мамандар үшін нағыз үлгі боларлықтай. Жүргізуші, шебер, бөлім басшысы, бүгінде директордың орынбасары. 19 жыл зыр етіп өте шықты. Мол тәжірибе жинаған.

ҚАЙЫРБЕК КӨШЕКПАЕВ, “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалының директоры орынбасары:

— Әріптестеріме тілейтінім, зор денсаулық, ашық аспан! Еліміз тыныш болсын, таза су ішетін болайық. Мекемеміз өркендей берсін!

Жиында елге еңбегі сіңген сала ардагерлері де назардан тыс қалмады. Олар құттықтау қабылдады, марапатқа ие болды.

ОЛЕГ КОРЫТИН, су шаруашылығы саласының ардагері:

—  Бұл салаға өмірімнің көп жылын арнадым. Кезінде талай қиындықты бастан өткердік, су жолдарын өз қолымызбен дайындаған кездер де болды. Қазіргі технологияларға таңғаламын. “Заман дамиды, бірақ су – тіршіліктің бастауы” деген қағида ешқашан өзгермейді. Мені шақырып, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға, еңбегімді бағалап жатқандарыңызға алғыс айтамын.

“Есіл су” филиалы өңірдегі 11 ауданды және Қостанай облысындағы 2 ауданды сумен қамтамасыз етеді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша су шаруашылығы саласында бүгінде 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Мереке аясында мекеменің 20-ға жуық маманы марапатталды.

Жаннұр Бектұрғанова