Өңірде ауа температурасы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы күндері сынап бағанасы 32-37 градусқа, ал облыстың оңтүстік аудандарында 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
ТАТЬЯНА МАРЬИНА, “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі:
—Өңірдегі аптап ыстық құрғақ тропикалық ауа массаларының келуіне байланысты орын алды. Ертең ауа температурасы күндіз 31-36 градусқа дейін көтеріледі. Бірақ бұл басы ғана. Алдағы күндері ауа температурасы жоғарылауы мүмкін. Осы ретте аймақтың басым бөлігінде өрт қаупі сақталады.
Аптап ыстық теріскейліктерді әбігерге салды. Қала тұрғындарының бір бөлігі Пестрое көлінің жағажайын жағалап суға түссе, енді бір бөлігі салқын сусындармен шөл басуда.
— Біз жағажайға жаңа ғана келдік. Күн аптап ыстық, суға түсіп салқындап аламыз.
— Біз Ресейден келдік, ол жақта жауын-шашын. Петропавлда күн ыстық. Демалып жатырмыз.
— Бүгін күн шыжып тұр. Үйде кондиционер тәулік бойы жұмыс істейді. Далаға шықсам, салқын балмұздақ немесе суық сусын сатып аламын.
Шілденің шіліңгір ыстығында адамның денсаулығына қауіп артады. Осы ретте мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, бас киім киіп, көбірек су ішуге шақырады.
ВЛАДИМИР ЖУЖГОВ, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары:
— Аптап ыстық кезінде жедел жәрдем орталығына түсетін шақыртулар саны артқан жоқ. Маусым айынан бері күн өту салдарынан 15 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Сол себеті, күндіз далада бас киімсіз ұзақ журуге болмайды. Себебі, басыңызға күн өтсе, ол жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер әсіресе балаларға, қарттарға және де созылмалы аурулары бар жандарға сақ болған жөн дейді.
ВЛАДИМИР ЖУЖГОВ, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары:
— Аптап ыстық кезінде қан қысымы жоғары, жүрек ауруларымен ауыратын жандарға сақ болған жөн. Жүрегіңіз айнып, басыңыз айналып, әлсіздікті сезінсеңіз, бірден салқын жерге кіріп отыру керек. Бұдан соң салқын су ішіп, шөл мен дене ыстығын басу қажет.
Айта кетейік, облыста ең жоғары ауа температурасы 1940 жылы тіркеліпті. Ол кезде сынап бағанасы 40,5 градусты көрсеткен. Ал ең соңғы рет рекордты ыстық 2 жыл бұрын болды. 2023-те термометр көрсеткіші 40 градусқа жақындаған.
Ұлан Ыдырыс

