Петропавлда “Эко-плоггинг: жүгір де тазала” атты спорттық-экологиялық іс-шара өтті. Эко-плоггинг бұл – салауаты өмір салты мен қоршаған ортаға деген қамқорлықты біріктіретін ұғым. Қатысушылар белгілі бір қашықтыққа жүгіріп, жолда кездескен қоқысты жинап әкетуі керек. Шараға 50-ге жуық ерікті қатысты. Арасында полицейлер мен экологтардың өздері де бар.
ИГОРЬ ГАХ, СҚО экология департаментінің бас маманы:
— Бұндай шара табиғатқа деген қамқорлық пен белсенді өмір салтын біріктірудің жақсы үлгісі деп олаймын. Қоғам үшін пайдасы зор. игі мақсатта жастардың басын жиі қосып тұрсақ, нәтижесінде экологиялық мәдениет қалыптасады. Қоқыс шашпауды, оны жәшікке дұрыс тастауды үйренеміз.
Қатысушылар үш командаға бөлінді. Олар 5 кезеңнен өтулері керек. Әр кезеңде физикалық жылдамдықпен қатар ой жүйріктігі де сыналады. Шараға қатысқан жастардың қатарында мектеп оқушылары мен студенттер де бар. Жас табиғат жанашырларының бірі – Индира Ғаббас. Айтуынша, мұндай шараларға жиі қатысады.
ИНДИРА ҒАББАС, қатысушы:
— Командаммен экологияға өз үлесімізді қосамыз деген ойдамын. Жалпы, осындай науқандарға жиі қатысып тұруға тырысамын. Қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау қажет деп есептеймін.
Табиғаттың қадірін түсінген адам қоғамдық тәртіпті де бұзбайды. Іс-шарада белгіленген кезеңдердің бірінде тәртіп сақшылары қатысушылардың құқықтық сауаттылығын да сынап көрді.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
— “Заң мен тәртіп” станциясында жастарға әртүрлі тапсырмалар беріледі. Қатысушылар алдымен құқықтық ережелер бойынша сұрақтарға жауап беріп, заңды қаншалықты білетіндерін көрсетті. Жаман әдеттердің зиянды жақтары туралы командамен бірігіп баяндама жасады. Артынша, спорттық жаттығулар жасап, өз ептіліктерін сынады.
Іс-шара соңында ең белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Жаннұр Бектұрғанова

