Kurultai banner mobile

Қоғам

Қазақстанда алғаш рет: Петропавлдағы әйелдер колониясында кәсіпорын ашылды

Петропавлдағы әйелдер колониясында қап тігетін цех ашылды. Бұл – еліміздегі жазасын өтеу мекемесіндегі алғаш іске қосылған кәсіпорын. Жобаны жүзеге асырған – теріскейлік “SMBGROUP Family” серіктестігі. Бүгін өндіріс орнының ресми ашылу салтанаты өтті. Аталмыш жобаны іске асырып, кәсіпорын ашу үшін “SMBGROUP Family” 250 млн теңге жұмсаған. Бұл ретте “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсеткен.

ЖАНАР ТАЙПАҚОВА, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері:

— Қазіргі таңда өңірде субсидиялау құралы аясында жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын 16 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, “Өрлеу” бағдарламасымен 95 жобаға 15 млрд теңге бөлінді. Осы ретте біз “SMBGROUP Family” серіктестігіне де қолдау көрсеттік. Аталмыш кәсіпорын 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі жобаның жүзеге асуы жазасын өтеушілерге де, кәсіпкер мен мемлекетке де пайдасын әкеледі.

Қазіргі таңда кәсіпорын айына 100 тоннаға жуық қап тігуге қауқарлы. Өндіріс орнында әзірге 60-қа тарта қыз-келіншек еңбек етеді. Олар жұмысқа кіріспес бұрін арнайы дайындықтан өткен. Солардың қатарында Айбаршын Хамзина бар. Мамлют ауданының тумасы ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі – “Алаяқтық” бойынша сотталған. Нәзікжандының бостандыққа шығуына 7 ай қалған екен.

АЙБАРШЫН ХАМЗИНА, жазасын өтеуші:

— Бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма 2 жұма болды. Барлығы ресми түрде. Әр қыз-келіншек өзіне ғана бекітілген жұмысты істейді.

Айбаршын Хамзинадан бөлек әйелдер колониясында 200-ге жуық қыз-келіншек жазасын өтеуде. Сотталғандардың басым бөлігі темір тордың арғы жағында отырып-ақ екі қолға бір күрек тапқан. Қазіргі таңда мекемеде 7 серіктестік жұмыс істейді.

ТАТЬЯНА ТӨЛЕГЕНОВА, СҚО бойынша ҚАЖД сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы:

— Бұл кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни ол – жазасын өтеу мекемесінде ашылған алғашқы кәсіпорын. Мұнда жазасын өтеушілер 2 ауысым бойынша жұмыс істейді. Барлығына ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша төленеді. Олар сотталғандардың талап-арыз бойынша берешегін жабуға жұмсалады. Бұдан бөлек өзін жақсы жағынан көрсеткен қыз-келіншектерге сыйақы да қарастырылған. Жалпы, жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы өте маңызды. Себебі, олардың бір бөлігі бостандыққа шыққаннан кейін де темір торда меңгерген кәсібін жалғастырып, тұрақты жұмыс тауып, қоғамға бейімделуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, алдағы уақытта “SMBGROUP Family” серіктестігі аталмыш кәсіпорынды дамытып, жаңа технологиялар енгізбек. Бұл өз кезегінде жазасын өтеп жүрген қыз-келіншектердің жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді.

Ұлан Ыдырыс