Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде 1 мыңнан астам студент білім алады. Биыл білім ордасынан 350-ге жуық түлек түлеп ұшты. Қазіргі таңда колледжде қабылдау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылы арнайы орта білім беру мекемесі 500-ге тарта талапкерді қабылдауға ниетті. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуы маңызды рөл атқаруда.
ЕКАТЕРИНА КАЛГАНОВА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:
— Біз мемлекеттік “Жас маман” бағдарламасына қатыстық. Ол бойынша техникалық мамандық салаларында оқып жатқан студенттерге арнап заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, жаңа зертханалар аштық. Жалпы, ұл-қыздарға барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек бізде 280 орынға шақталған жатақхана жұмыс істейді. Бүгінде еңбек нарығында білікті техникалық кадрларға сұраныс жоғары болғандықтан аталмыш бағытқа грант көптеп бөлінеді.
Жоғары құрылыс-экономикалық колледжін аяқтаған түлектер екі қолға бір күректі бірден табады. Солардың бірі – Дулат Қалижан. Арнайы орта білім беру мекемесін ер азамат 2021 жылы құрылыс технигі ретінде тәмамдаған. Қазіргі таңда ол”Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының облыстық филиалында жұмыс істейді. Дулат ең басында мұнда практикадан өтеді. Кейін Отан алдындағы борышын өтеген соң 2025 жылы осында қайтадан келіп, маусымдық жұмыс істейді. Ал кейін толық негізде штатқа орналасады. Қазіргі таңда жас маманның еңбек өтілі 1 жылға жуықтайды.
ДУЛАТ ҚАЛИЖАН, “Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚО бойынша филиалы зертханасының лаборанты:
— Осында ең алғаш рет практикаға 2020 жылы келдім. Мұнда маған қатты ұнады.
Жас маманның жұмысы басшылықтың көңілінен шығады. Зертхана меңгерушісі Алексей Райлянның сөзінше, Дулат өз ісіне ұқыпты қарайды. Барлық тапсырманы уақытында әрі сапалы орынайды.
АЛЕКСЕЙ РАЙЛЯН, “Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының зертхана меңгерушісі:
— Қазіргі таңда біздің филиалда 17 адам жұмыс істейді, ал зертханада 7 адам еңбек етеді. Әр лаборант жылына кемінде 700-ден астам сынама жасайды. Оның ішінде жол-құрылыс материалдарының барлық түрлері кіреді. Жалпы, Дулат Қалижанға тоқталатын болсам, ол – өте білікті маман. Оған зор үміт артамыз. Бізде жастар өте аз, кадр тапшылығы сезіледі. Сол себепті де оларға қолдау көрсетеміз. Орташа еңбек ақымыз – 450 мың теңге. Егер маманның еңбек өтілі 3 немесе 6 жылдан асса, алыс және жақын шетелдерге оқуға жібереміз.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда жол-көлік саласында кадр тапшылығы өткір сезілуде. Бүгінде елімізде 3 мыңнан астам жол инженері мен техникалық қадағалау маманы жетіспейді. Ал көлік саласындағы кадр тапшлығы 14 мың адамға жуықтайды.
Ұлан Ыдырыс

