Kurultai banner mobile

Құқық қорғау органдары

Такси жолаушысының қырағылығының арқасында алаяқтарға алданған зейнеткердің ақшасы қайтарылды

Зейнеткерге белгісіз адамдар хабарласып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған. Қулар 78 жастағы әйелді басқа мемлекетке ақша аударғаны үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанына сендірген. Қатты абыржыған қала тұрғыны ешқандай ақша аудармадым деп ақталған кезде депозитінде 2 млн теңге жинағы бар екенін байқамай айтып қойған. Осыдан кейін алаяқтар ақшаны шұғыл шешіп алып, оны тергеу мүддесі үшін беру қажет екенін айтқан.

ГАЛИНА ЛЮБОВИЦКАЯ, қала тұрғыны:

— Егер дәл қазір бармасаңыз, егер ақшаны шешіп алмасаңыз… Сізге қандай қауіп төніп тұрғанын өзіңіз де білесіз, – деп қорқытты.

Қаскөйлердің нұсқауын орындап, олармен телефон арқылы үнемі байланыста болған әйел банктен ақшасын шешіп алған. Кейін оған қолма-қол ақшаны түрлі заттармен бірге қорапқа салып, оны такси жүргізушісі арқылы жіберу тапсырылған. Зейнеткер жүргізушіге бұл қорапты Астанадағы әпкесіне арналған сыйлық екенін айтуы тиіс болған.

ГАЛИНА ЛЮБОВИЦКАЯ – қала тұрғыны:

— Ең қызығы, мен мұның алаяқтар болуы мүмкін екенін мүлде ойлаған жоқпын. “Бір сәт күте тұрыңыз, кабинетіме өтейін”, – деді. Кабинетке кіргенде артында Қазақстанның туы ілулі тұрғанын көрдім. Бұл қалай алаяқтар болсын? Мүмкін емес қой деп ойладым.

Такси салонында болған жолаушы күмәнді жағдайды байқап, полицияға хабарлаған. Оқиға орнына келген полицейлер алаяқтық белгілерін анықтап, жедел іс-шараларды бастаған.

ӘЛНҰР АХМЕДЬЯРОВ – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы

— Таксидегі жолаушы Петропавл қаласының егде жастағы тұрғыны такси жүргізушісіне сәлемдеме бергеніне назар аударған. Аталған хабарламаға біз бірден назар аудардық. Тексеру барысында алаяқтық жасауға оқталу фактісі анықталды. Көлік Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңында тоқтатылды. Ақша тәркіленіп, толық көлемде жәбірленушіге қайтарылды.

Қазір алаяқтар күшейген заманда аса абай болған жөн дейді тәртіп сақшылары. Біреу телефон арқылы хабарласып, сізге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, «қауіпсіз шотқа» ақша аудару қажеттігін, қаражатты шешіп алу немесе қандай да бір қаржылық операция жасау қажеттісін айтса бұл алаяқтар екені хақ. Әңгімені дереу тоқтатып, «102»-ге қоңырау соғу қажет. ПД мәліметінше, облыста жыл басынан бері ақпараттық технологиялар саласында 300-ге жуық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Келген шығын 800 млн теңгеден асып жығылады.