Kurultai banner mobile

Мәдениет

«QYZYLJAR MUSIC FEST» фестивалінің үшінші күні диджейлер өнер көрсетті

Облыс орталығында қанат жайған «QYZYLJAR MUSIC FEST» фестивалі өз жалғасын табуда. Іс-шараның әр күніне белгілі бір бағдарлама белгіленген. Теріскей төрінде үшінші күн қатарынан әуелеген кеште сахнаға өңіріміздің белгілі диджейлері шығып, заманауи музыканың көркін қыздырды.

АНАСТАСИЯ КАБАНОВА, СҚО халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызмет орталығының бөлім жетекшісі:

— Фестивальдің бірінші күні дәстүрлі әншілер сахнаға шықты, кеше бишілер мың бұралды. Ал бүгін Петропавлдың үздік диджейлері өнер көрсетіп жатыр. Концерт түнгі 11-ге дейін жалғасады. Сәрсенбі – эстрада күні, яғни осы бағыттағы әншілер өз туындыларын орындайтын болады.

Заманауи әуендерді бір-бірімен шебер үйлестіретін, халыққа ерекше атмосфера сыйлайтын өнер иелерінің бірі – диджейлер. Кешке шақырылған музыканттың бірі – диджей Ера. Сахна төріне шыққан жас маманның шын есімі – Ерасыл Балғабай. Диджейлік өнерді серік еткеніне төрт жыл болды. Бүгінде ол өңірдегі танымал диджейлердің қатарында саналады және сүйікті ісі әлдеқашан табыс көзіне айналған.

ЕРАСЫЛ БАЛҒАБАЙ, диджей:

— Басында тойдан бастаған болатынмын. Бұдан соң жайдарман ойындарында дыбысқа жауап бердім. Кейін кішігірім көңілді кештерге диджей болып шыға бастадым.

Диджейлердің ырғағына билеген жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Тұрғындар да, қала қонақтары да заманауи әуендерді сүйсіне тыңдады. «QYZYLJAR MUSIC FEST» бұнымен өз қарқынын бәсеңдетпейді. Алдағы уақытта фестивальде эстрада және классикалық жанрдағы әндер шырқалады.

Ұлан Ыдырыс