Петропавлда “Тұлға бол” атты жылжымалы жұмыспен қамту жәреңкесі ұйымдастырылды. Акция дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жастарға арналған. Шара барысында ұйымдастырушылар қоғамдық көлікке мініп, жұмыс іздеушілерге арнайы ақпарат жазылған жаднамалар таратты, кеңес берді. Айта кету керек, науқан осындай форматта алғаш рет өткізіліп жатыр.
ГҮЛБАҚЫТ БАЙБОСЫНОВА, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Өкінішке қарай, арамызда ешқайда оқымайтын, еш жерде жұмыс жасамайтын жастар кездесіп жатады. Бір сөзбен айтқанда олар – “NEET” санатындағы жастар. Бүгінгі таңда жұмыс табудың мүмкіндігі аз емес. Бірақ, бұл мүмкіндіктерді көбі біле бермейді”, “Сондықтан, бұл мәселелер бойынша бөлім мамандары арнайы буклеттер таратады”, “Осындай акциялар жастардың өзін-өзі кәсіби жүзеге асруына ықпал етеді деген сенімдеміз.
Таратылған жаднамаларда “Enbek” электронды еңбек биржасына өтуге арналған QR-код пен Мансап орталығының байланыс нөмірлері жазылған. Кез келген адам телефон арқылы хабарласып, сұрақтарын қойып, өзіне қажетті жауап ала алады.
ӘБІЛХАЙЫР ҚАЙДАР, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Қазір “Enbek” электронды биржасында мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамту үшін көптеген жобалар мен бағдарламалар бар. Мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушілерге әрдайым ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін баяндап береді. Акция нәтижесінде көптеген азамат қызмет орнын тауып жатыр.
Жыл басынан бері облыс бойынша 60-қа жуық жұмыспен қамту жәрмеңкесі өткізілді. 500-ден астам азамат өтінім қалдырып, оның жартысына жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаннұр Бектұрғанова

