Kurultai banner mobile

Ауыл шаруашылығы

Мал шаруашылығын дамытуға жаңа серпін

“Аграрлық несие корпорациясы” “Игілік” және “Береке” бағдарламаларының шарттарын жаңартты. Қолдау шарасы арқылы қара мал өсірумен қатар қой, жылқы, түйе, шошқа, марал және ара шаруашылығын дамытуға болады.

АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

— Жеңілдетілген несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейін табысталады. Бұл мүмкіндікті пайдаланушыларға 30 айға жеңілдік беріледі. Осы уақыт ішінде шаруашылықтар мал басын арттырып, өндіріс күшін еселей алады. “Игілік” бағдарламасы аясында берілген қаржыны асыл тұқымды ірі және ұсақ малды сатып алу мақсатында пайдалануға болады.

Бұдан бөлек биылдан бастап жаңа “Жайлау” бағдарламасы іске қосылды. Ол 2030 жылға дейінгі Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары мен ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігінің талаптарына сәйкес әзірленген.

АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

— “Жайлау” бағдарламасы бойынша қаржыландыру мерзімі – 10 жыл. Ірі қара мал асырауға – 350, млн ал қой шаруашылығына 200 млн теңге бөлінеді. Ол асыл тұқымды мал басын көбейтуге, шалғай жайылымдарды тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға серпін береді. Әзірге, аталмыш бағдарламалар арқылы несие алған жандар жоқ. Бірақ өтінімдер қарастырылу үстінде. Қазіргі таңда 10-ға жуық солтүстікқазақстандық өз жобаларын ұсынды.

Айта кетейік, аталмыш бағдарламаға өтініш беріп, қаржыландыру алу үшін облыс әкімдігінің жанындағы үйлестіру кеңесінің қолдаухаты қажет. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылады.

Ұлан Ыдырыс