Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Құрылтай сайлауы жақындады

1-ші шілде күні жаңа Конституция заңды түрде өз күшіне енді. Ата заңдағы ең басты өзгеріс – бір палаталы парламент құру. Яғни, Сенат пен Мәжілістің орнына “Құрылтай” жұмыс істейтін болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс заң шығару үрдісін оңтайландырып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

— Қазақтанда Ұлттық Құрылтайды қалыптастырудың маңызды әрі жауапты кезеңі басталды. Қабылданатын заңдардың сапасы көп жағдайда Құрылтайдың құрамында отырған жандарға байланысты болады. Осы ретте депутаттарды сайлау кезінде тұрғындар белсенді болып, дауыс беруі тиіс. Себебі, ұлт болашағы мен ел ертеңі – біздің қолымызда.

Қазіргі таңда сайлауға қатысатын барлық 7 саяси партия сайлауалды бағдарламаларын жариялады. Ал кандидаттардың барлығы Орталық сайлау комиссиясының сайтында тіркелді.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

— Еліміздің әр азаматы барлық партиялардың бағдарламаларымен таныса алады. Оған уақыт жетерлік. Осы 1 айдың ішінде саналы шешім қабылдауға болады. Бұл ретте партия атауына емес, оның халыққа ұсынған нақты бастамалары мен міндеттеріне назар аударған жөн. Бізге жәй ғана уәде емес, кәсіби әрі жауапты жұмыс қажет. Болашақ депутаттар Мемлекет басшысы айқындаған қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға қабілетті болуы тиіс.

Айта кетейік, Құрылтай құрамына 145 депутат кіретін болады. Жалпыұлттық сайлау 23-і тамыз күні өтеді.

Ұлан Ыдырыс