Kurultai banner mobile

Мәдениет

Кітапханашылар “Библиопикник” зияткерлік іс-шарасын өткізді

“Библиопикник”. Петропавлда қалалық орталық кітапхананың қызметкерлері осындай атаумен зияткерлік іс-шара ұйымдастырды. Таңсық шарада тамсанатын дүние көп. Мақсат айқын – ерекше формат арқылы оқырман қатарын көбейту, балаларды кітап оқуға баулу.

БАЛНҰР ЖОЛДАСБЕКОВА, И.Шухов атындағы қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы:

— Бұл іс-шара кітап оқуды мақсатты түрде насихаттайтын мереке болып табылады. Бүгінгі қонақтарға, қала тұрғындарына бірнеше интерактив аймақ дайындап қойдық. Атап айтсақ, олар – бізде үлкен еден пазлдары, мемо-ойындары және де әдеби болжамдар, сонымен қатар, буккроссинг.

Бағдарлама ауқымды әрі алуан түрлі. Ешкімнің іші пысқан жоқ. Мұнда еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін жүрді. Дені отбасымен қатысты.
Тұрғындар зияткерлік алаңдарда рухани тұрғыда тынығып, ой жүйріктігінен жарысты. Қатысушылардың назарын аударған дүние – пазлдар. Ата-аналар мен балалар өзара топқа бөлініп, мультфильм кейіпкерлерінің бейнелерін құрастырды.

АБАЙ ҚАМЗА, қала тұрғыны:

— Бүгін осы жерге отбасыммен: үш баламмен келіп отырмын. Балалар үшін осындай іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқаны өте жақсы. Жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл ойындар балалардың танымдық қасиеттерін, қабілеттерін дамытады. Өзімізге ұнап жатыр, осындай іс-шараны ұйымдастырғанына алғысымызды білдіреміз.

Сондай-ақ, кітапқұмар жандар оқыған туындыларын әкеліп, орнына көңілінен шыққан жаңа кітап таңдап алды. Жалпы, И.Шухов атындағы қалалық орталық кітапхананың 10 мыңға жуық тұрақты оқырманы бар. Бүгін олардың қатары қалыңдай түскені анық. Өйткені, бүгінгі іс-шара қатысушылардың аталған білім ордасы мен кітап оқуға деген қызығушылығын арттырғаны анық.

Аружан Сұлтанова