ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Психологиялық қызмет туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері қаралды. Аталған заң алғаш рет психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастырып, психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды. Сонымен қатар, құжат психологиялық көмек алу кезінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын, Психологтардың кәсіби әдеп кодексін, сондай-ақ заңда көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу міндеті жүктелді. Солтүстікқазақстандық білікті психолог Ғалия Баязитованың айтуынша бұл өзгеріс психологиялық қызмет көрсету саласының дамуына айтарлықтай ықпал етпек.
ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА – психолог:
— Психологтардың мемлекеттік реестрге қосылуының үлкен мәні бар. Себебі, мамандар өздерінің білімдерін жыл сайын тәжірибе арқылы көрсете алады. Ал бұған дейін психологтарда ондай мүмкіндік болмаған еді.

