Kurultai banner mobile

Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Күй күмбірлеген кеш

Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақтың төл мұрасын насихаттауды мақсат еткен “Теріскей” этно-фольклорлық ансамблі Петропавл тұрғындарына мерекелік концерт тарту етті. Кеш барысында халық әндері мен күйлері орындалды. 2017 жылдан бері Мәдениет үйінің атынан өнер көрсететін кәсіби ансамбльдің қоржынында 200-ден астам туынды бар. Іс-шарада “Ыңғай көк”, “Желдірме”, “Ер Тұран”, “Балбырауын” секілді күй-саздар орындалды. 12 өнерпаздан тұратын топ халықтық әуендердің құдіретін паш етіп, көпшіліктің көңілін бір серпілтті.

БӘЙІМБЕТ ҚҰБАЙДОЛЛА, “Теріскей” этно-фольклорлық ансамблінің домбырашысы:

—”Теріскей” этно-фольклорлық ансамблі жылына 3-4 жеке концерт береді. Одан бөлек әр қалалық іс-шарада өнер көрсетеді. Басты мақсатымыз – ұлтық музыканы барынша дәріптеу.

Ұлттық аспаптың үнін сағынған жұртшылық орталық алаңға көптеп жиналды. Әуезді әуен мен төгілген күйлерді тыңдауға келген жандардың қарасы қалың.

— Ансамбльды танимын. Қызылжар өңірінің танымал ансамбльдерінің бірі деп білемін, “Қазақта айтады ғой, “қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп. Домбыра күнімен құттықтаймын!

— Орындалған әуендерге тамсанып отырмын. Концерт керемет көңіл-күй сыйлады!

Жаннұр Бектұрғанова