Kurultai banner mobile

Қоғам

Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосатын Telegram-бот

Табиғаттың тазалығын ту еткен теріскейліктердің бір тобы сенбі күні Тұңғыш Президент саябағы алдына жиылды. Қоршаған ортаның бүлінбеуіне жауапты прокуратура, полиция, әкімдік өкілдері мен белсенді жастар “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы аясында кезекті шара ұйымдастырды. Бұл жолы басымдық ақпараттық-түсіндіру жұмысына берілді. Ұйымдастырушылар көшедегі адамдармен тілдесіп, айналаны ластамау қажеттігін айтты.

Адам қоғамдық орында, табиғат аясында тасталған тырнақтай ғана қоқыстың өзіне жауапты. Егер мұндай жайт тіркелсе, тұлға заңға сәйкес жауап береді.

1. Қоғамдық орынға қоқыс тастау: 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс;
2. Абаттандыру қағидаларын бұзу: ескерту немесе 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл.

Акцияға қатысушы жастар бұдан хабардар. Олар халықты айналаға қамқор, ұқыпты болуға шақырады. Қыз-жігіттердің пікірінше, қоршаған ортаны ластау – адамгершілік қасиеттен аттау.

НҰРӘЛІ МҰХАМЕДЖАН, қатысушы:

— Біз айналамызды таза ұстауымыз керек. Бұл жайлы ата-анамыздан жиі естіп өстік.

Ақпараттық-түсіндіру шарасы барысында Telegram-бот туралы да айтылды. Ол қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосатын су жаңа цифрлық жүйе саналады.

АЙТУҒАН ҚАСҚЫРБАЕВ, СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

— Адамдарға таныстырып отырған Telegram-бот “TazaQazBot” деп аталады. Оны қолданушылар қоқыстың тасталу, қоғамдық орынның ластану жайтын бірден тіркеп, хабарлай алады. Ақпарат цифрлық жүйе арқылы жауапты органдарға көрінеді. Өз кезегінде мамандар дереу шешім қабылдап, кемшілікті түзейді. Бүгін осы боттың QR-кодын қоғамдық көліктерге, саябақтарға, аялдамаларға жабыстырамыз. Қала тұрғындары мейлінше көп қосылғанын қалаймыз.

Біздің ортақ Отанымыз – жасыл желегі жайқалған Қазақстан. Еліміздің одан әрі құлпыра беруіне әрбіріміз осылай үлес қосуымыз керек.