Аққайың ауданының тұрғындары “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында тауарлы несие алды. Мемлекеттік жоба арқылы ауылдағы ағайынға 1 мыңнан астам қаз балапаны үлестірілді. Енді екіжақты келісім бойынша күзге таман құстың қауырсыны мен мамығын әрі 10 пайызға жуық етін тұрғындар кері қайтаруы тиіс.
МИРАС ДЖЕМУРЗИН, Аққайың ауданы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы:
— Аталмыш бағыт 2-ші жыл қатарынан іске асырылуда. Биыл қаз асыраймын деушілердің қатары едәуір артты. Қанаттыларды бізге көршілес Ақмола облысының “Мурза Владимир” АШӨК (ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі) берді. Тауарлы кредит барысында арнайы келісім-шарт жасалады. Адам басына тек 100 балапан алуға болады. Ал өткен жылы өздерін жақсы көрсеткен тұрғындарға 200-ге жуық қаз шөжелерін асырауға болады.
Тауарлы кредитті 2-ші жыл қатарынан алып отырған жандардың бірі – Людмила Савинкина. Шағалалы ауылының тұрғыны былтыр 100 қаз асыраған. Айтуынша, аталмыш бағдарлама өте тиімді әрі қолайлы.
ЛЮДМИЛА САВИНКИНА, Шағалалы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
— Бағдарлама бізге ұнады. Биыл 200-ге тарта қаз балапанын алдық. Жолдасым екеуіміз жұмыс істейміз, сонымен қатар құс асыраймыз. Қаз – толық кәдеге жаратылатын құс. Оның еті дәмді, майының пайдасы көп, қауырсыны мен мамығын да тұрмыста тиімді қолдануға болады. Алдағы уақытта қанаттылардың санын 5 есеге дейін ұлғайту жоспарда бар.
Айта кетейік, бұдан бөлек аталмыш бағдарлама аясында М.Жұмабаев ауданының тұрғындары да қаз өсіріп, табыс табуда.
Ұлан Ыдырыс

