Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Астанада «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» креативті жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкені Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы аралап, әрбір туындымен жеке танысты. Шеберлер мен креаторлармен еркін тілдескен министр осы бағыттағы жұмыстарды бұдан әрі де жандандырып, шығармашылық индустрияны өркендетудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Айта кетейік, бұл іс-шараның басты ерекшелігі – ұсынылған әрбір туынды мен инновациялық әзірлемеге ұлы Ботай мәдениетінің арқау болуында.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “QYZYLZHAR” креатив орталығының директоры:

— Көрме үш тақырыптық кеңістіктен тұрады. Алғашқы бөлімде облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұсынған Ботай мәдениетіне қатысты археологиялық жәдігерлер мен тарихи экспонаттар қойылған. Сондай-ақ, көрмеде Солтүстік Қазақстан суретшілерінің Ботай тақырыбына арналған картиналары ұсынылып, олар келушілердің ерекше қызығушылығын тудыруда.

Экспозиция төрінен жергілікті брендтер мен халық шеберлерінің төл туындылары орын алды. Сонымен қатар, жәрмеңкеде цифрлық индустрияның өзекті бағыттары: жасанды интеллект, робототехника, GameDev, 3D-модельдеу секілді бағытттар және дрондар саласындағы заманауи инновациялық әзірлемелер көпшілік назарына паш етілді.

ЕРНАР ҚАЗБЕКОВ, қатысушы:

— Бүгін біз көрмеге Айыртау ауданынан заманауи технологиялар мен тарихымызды ұштастырып, дрондарды алып келдік. Өздеріңіз білетіндей, ауданымызда креатив орталығы ашылған болатын. Біз сонда әр саланың қызметкерін дронды пайдалануды үйретіп жатырмыз және жас құтқарушы жасақтарын құрдық.

Бұл жәрмеңке өңір әлеуетін көрсетіп, отандық өнімдерге деген жоғары сұранысты дәлелдеді. Бүгінде креативті индустрия СҚО экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Сала жергілікті кәсіпкерлерді ілгерілетуге, өңір брендін қалыптастыруға және талантты жастардың жаңа жобаларын қолдауға кең жол ашады.

ЛЮДМИЛА МИЛЮТИНА, қатысушы:

— Мен Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің ұстазымын. Бүгін тамаша көрмеге қатысқаныма қуаныштымын.

Келушілер солтүстікқазақстандық шеберлер мен креаторлардың туындыларына ерекше ықылас танытты. Бұл таңғаларлық жәйт емес. Өйткені, мұндағы әрбір бұйымның әрбір бөлшегі жүрек жылуы мен қолдан жасалған.

КҮЛЗИРА МҰХАМЕТЖАНОВА, қатысушы:

— Мен эпоксидті шайырдан жасалған өнімдерді алып келдім. 1 жылдан бері осы кәсіппен айналысамын.

Адамзат баласы жылқыны тұңғыш рет қолға үйреткен қасиетті Ботай мәдениеті Солтүстік Қазақстан жерінен бастау алады. Бүгінде бұл теңдессіз тарихи мұра тек өткен күннің белгісі емес, өңірдегі креативті экономиканы, озық технологиялар мен инновациялық жобаларды өркендетудің басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Көрме шырайын одан әрі аша түскен келесі кезекте көпшілік назарына жергілікті киім дизайнері Айжан Колчинаның «Аққайың» атты бірегей сән топтамасы ұсынылды.

АЙЖАН КОЛЧИНА, киім дизайнері:

— Бүгін мен Солтүстік Қазақстанға арналған алғашқы өңірлік этнобренд – «Аққайың» брендін таныстырып отырмын. Көрмеге Ботай мәдениетінен шабыт алып жасалған жаңа топтамамызды әкелдік. «Аққайың» атауы – туған өлкемнің аққайыңдарына, сол табиғат аясында өскен әжеме деген құрметтің белгісі. Сондықтан, ол – брендіміздің басты символы

«Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты креативті жәрмеңке келушілерді 2 күн бойы қабылдады. Көрме қорытындысы бойынша қатысушылар жалпы құны 4,9 млн теңгеден астам қаржыға өз туындыларын саудалады.