“Қазақ аналары – дәстүрге жол” бірлестігі өңірде 3 жыл бұрын құрылды. Қазіргі таңда ақ жаулықты әжелердің басын біріктірген ұйым теріскейлік жастарды тәрбиелеп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл жолы да қазыналы қарттар “Ұлттық домбыра” күніне орай игі кездесу ұйымдастырды.
АЛМА МАХАМЕТОВА, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ СҚОФ төрайымы:
— Басты мақсат – салт-дәстүрді келешек ұрпаққа дәріптеу. Себебі, біздің кейбір салт-дәстүр ұмыт болып жатыр. Біздің ұжымда 35 әже бар. Барлығы белсенді.
Іс-шараға жастар мен балалар қатысты. Кездесу ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға, домбыра арқылы жас буын өкілдеріне қазақтың салт-дәстүрін жеткізуге ықпал етеді. Кездесуге қатысып отырған жандардың бірі – Екатерина Восипенок. Орыс ұлтының өкілі домбыраның құлағында ойнайды. Нәзікжандының сөзінше ол қос ішекті аспапқа бала кезінен қызығушылық танытқан. Қазіргі күні Екатерина қазақ тілін де меңгеру үстінде.
ЕКАТЕРИНА ВОСИПЕНОК, қатысушы:
— Мен домбыраға 4-ші сыныптан қызыға бастадым. Кейін өз бетімше күй үйрендім, сосын арнайы үйірмеге жазылдым. Қазір көптеген туындыларды қиналмай орындаймын. Қос ішекті аспаптың маған қоңыр үні ұнайды. Сонысымен мені баурап алды. Қазіргі таңда Қозыбаев университетінде музыка бағыты бойынша білім аламын. Бұдан бөлек қазақ тілін де үйрену үстіндемін.
Іс-шара соңында ақ жаулықты әжелер жас ұрпаққа бата берді.

