Қызылжар ауданында кәсіпкердің құқығы қорғалды. “Адель құс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы тағы бір нысан салуды, өндірістік қуатты арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлаған. Жоба құны 2,5 млрд теңгені құрапты. Алайда, құрылыс көзделген төңіректе жасыл желек өскен екен. Ағаштарды кесуге тыйым салынуына байланысты бастаманы іске асыру мерзімі кешіккен, қосымша қаржылық шығындар тіркелген. Кәсіпкерге Қызылжар ауданынның прокуратурасы көмек қолын созды. Қадағалау органы уәкілетті мекемелермен бірлесіп, тексеру жүргізді. Нәтижесінде бұл шектеудің заңды негізі жоқ екені анықталды. Әкімшілік кедергілер жойылып, инвестордың құқығы қорғалды. Енді нысан құрылысы бастау алмақ.

