Мемлекет басшысы қол қойған рақымшылық туралы Заң – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай қабылданған ізгілік актісі. Ол қоғамдық қауіптілігі жоғары емес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға ғана қолданылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар және басқа да бірқатар санаттағы қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық жасалмайды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, сондай-ақ, әкімшілік қадағалауда жүрген адамдар ішкі істер органдарының бақылауында қала береді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 172 адам есепте тұр. Оларға учаскелік полиция инспекторлары мен қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бақылау жүргізеді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл санаттағы адамдардың басым бөлігі заң талаптарын сақтап өмір сүреді. Жыл басынан бері олардың тек 13-і ғана белгіленген талаптарды қасақана бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру орындарына қайта жіберілді. Сонымен қатар, жазасын өтеп шыққаннан кейін әкімшілік қадағалауда жүрген 88 солтүстікқазақстандық – полицияның бақылауында.

