Облыстық С.Мұқанов атындағы кітапханада домбыра күніне орай “Домбыра – ұлттық мұра” атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Іс-шараға күй десе ішер асын жерге қоятын теріскейлік талант иесі Серікбай Құсайынов та қатысты. Қара домбыраны өзінің жанына ғана серік етпей, өзгелерге де бар білгенін үйретуден жалықпаған жан ұлттық мұраның тарихы мен оның маңызы жайлы баяндады.
СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО құрметті азаматы, күйші:
— Бұл – қазақ үшін өте қадірлі аспап. Домбыра мен қазақ – егіз ұғым. Қос ішекті аспап ерте кезден бастап дамыды. Оның тарихы сонау 11-ғасырдан бастау алады.
Іс-шараға би билеп, күй орындау үшін жергілікті өнерпаздар келді. Олардың қатарында облыстық ТЖД-і төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Дина Жапарова да бар. Нәзікжанды домбыраны 5 жасынан бастап жанына серік еткен.
ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД басқармасының аға инженері:
— Бүгін мен өзімнің репертуарымнан Шәмші Қалдаяқов атамыздың “Арыс жағасында” әнін орындаймын.
Сондай-ақ, іс-шара соңында тыңдарман назарына арнайы кітап көрмесі ұсынылды.

