Жыл басынан бері Петропавлда алкогольдік масаң күйде 144 қылмыс жасалған. Назар аударарлық жайт – заңның ала жібін аттағандардың кейбірі медициналық спиртті ішу. Мәселен, мамыр айында облыс орталығындағы қараусыз қалған үйлердің бірінде 50-ден асқан 2 ер адам дәріханада сатылатын ащы суды өңештен өткізген. Артынша арасында жанжал туындап, біреуі ауыр дене жарақатын алған. Ал наурыз айында Жуков көшесіндегі пәтерлердің осыған ұқсас жайт көңіл көтерушінің бірінің қаза болуымен аяқталды. Заңға қайшы фактілердің алдын алу мақсатында қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов дәріхана басшыларымен кездесу өткізді. Жүздесуде шенді медициналық спиртті сатуға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, дәріханаларға құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қажет болған жағдайда күдіктілердің жеке басын анықтауға көмектесетін сапалы бейнебақылау камераларын орнату ұсынылды.

