Konstitutsia banner mobile

СҚО әкімдігі

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып қайтты

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. Алғашқы болып аймақ жетекшісі Явленкадағы аудандық саябақтың жағдайымен танысты. Биыл бұл алаң жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жөндеу көрген. Ағымдағы жылы Явленкада балалар алаңы салынды. Ол үшін аудан бюджетінен 20 млн теңге бөлінген. Бұдан соң Ғауез Торсанұлы аудан орталығындағы су құбыры желілерінің құрылысымен танысты. Жоба құны – 1 млрд 183 млн теңге. Оның жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайды.

ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

— Қазіргі таңда сорғы жабдықтарын ауыстыру ғана қалды. Қажетті құрылғыларға тапсырыс берілді, олар осы айда жеткізіледі. Сонымен қатар, көлемі 500 текше метр болатын таза су резервуарының құрылысы аяқталды. Ал көлемі мың текше метр болатын резервуар қазір қолданыста. Оны жаңа нысан іске қосылғаннан кейін жөндейтін боламыз.

Ал Бірлік ауылында су құбыры желілері өткен жылы салынды. Оның ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарына 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда нысан 150-ге жуық ауыл тұрғынын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

Кейін өңір басшысы ат басын Мәдениет елді мекеніндегі “Тілеп Нан” серіктестігіне бұрды. Кәсіпорын 2019 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Қазіргі күні олардың жалпы егістік алқабы 9 мың гектардан асып жығылады.

ҚАЙРАТ МЕЙРАМОВ, “Тілеп Нан” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

— Биыл 7 мың 350 гектарға дән сіңірдік. Оның 4 мыңнан астам гектарын дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Сонымен қатар, биыл майлы дақылдардың үлесі артты. Мысалы, өткен жылы рапсты 1200 гектарға егтік, ал биыл бұл көрсеткіш 1900-ге дейін артты. Қазіргі таңда егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық беріп келеміз.

Жалпы, Есіл ауданындағы егіс көлемі 292 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға көп. Бұдан бөлек жалпы өнім құны да артып келеді. Ол биыл 69,7 млрд теңгеге жеткен.

ВАДИМ КРАСНОЩЕК, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

— Биылғы жылы аудан бойынша 27,3 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Оның 16 мыңға жуығы топыраққа енгізілді. Сонымен қатар, ауданымыздың агроөнеркәсіп иелері 7,6 млрд теңгеге 139 бірлік жаңа техника сатып алды. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да жоғары. Ағымдағы жылы диқандарға 5 млрд теңге көлемінде несие және 6 млрд теңге көлемінде субсидия төленді.

Кейін Ғауез Торсанұлы Петровка ауылына барды. Елді мекенде білім саласында біраз жыл тер төккен Шмурыгиндер жанұясы тұрады. Ерлі-зайыптылардың отау құрғанына биыл – 50 жыл. Еңбек әулетін өңір басшысы арнайы құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті. Бұдан соң аймақ жетекшісі Петровка ауылындағы Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Петровка ауылының тұрғындары үшін бүгін қуанышты күн. Мәдениет үйінің ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын.

Сонымен қатар, мәдениет үйі жанынан “Vision AI” кабинеті ашылды. Айта кету қажет, бұл – Есіл ауданындағы 5-ші IT-орталық. Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы аудан халқымен кездесті. Жергілікті тұрғындар өздерінің алаңдатқан сұрақтарын қойды. Олардың басым бөлігі жол және су мәселесіне қатысты.

ЮРИЙ ШОЛЬ, “Прометей-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

— Өткен жылы Заградовка ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі таңда оның 100 млн-ы игерілді. Мердігер де жөндеу жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Бірақ жолға төсейтін асфальт жоқ. Оған асфальт-бетон жабынына қаржы бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Аймақ жетекшісі тиісті тұлғаларға көтерілген барлық мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ұлан Ыдырыс