“Show Today” жобасы – “Әуенді тап”, “Логика қайда?” әрі “Импровизация” сынды танымал тележобалардың негізінде құрылған интерактивті ойын-сауық шоуы. Оның тарихы Ресейдің Улан-Удэ қаласынан басталады. Бір жыл бұрын Петропавлға да жетті, арнайы филиал ашылды. Бүгінде кәсіби мамандардан жинақталған команда кез келген форматтағы іс-шараларды өткізеді.
ЮРИЙ ПОЛЯКОВ, “Show Today” жобасының жүргізушісі, Петропавл қаласы:
— Бізде әртүрлі бағдарлама бар. Үлкендердің де, балалардың да көңілін көтереміз. Сонымен қатар, үлкен ұжымдарға арналған тимбилдингтер, отбасылық кештер ұйымдастырамыз. Бізге қоңырау шалып, қызметімізді пайдаланған жандар ерекше әсер алып, алғыстарын жаудырып жатады.
“Show Today” ұйымдастыратын шоудың бірінде қатысушылар екі командаға бөлінеді. Шығармашылық, зияткерлік сайыстарда логика, тапқырлық және әртістік қабілет сыналады. Әр оң жауап – бір ұпай. Осындай шаралар күйбің тірлікті бір сәтке ұмыттырады. Қуаныш сыйлайды. Шаттықтың себептісі “Show Today” жобасы екенін білген маңызды.

