Еліміздің ақын-жазушылары, солтүстік жұрты Зейнолла Әкімжановты ұмыта қойған жоқ. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған азамат ел есінен шықпасы да анық. Облыс орталығында шалқар шабыт иесі, аудармашы, журналистің 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы басқосуға жан-жақтан құрметті қонақтар келді. Жерлесімізбен үзеңгілес азаматтар ақынның талантымен қоса бойындағы қасиетін ерекше бағалайды.
СЕРІК НЕГІМОВ, жазушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
— Біздің қоғамызға керек нәрсе не? Ол – ақиқат, әділеттілік. Мемлекет әділдіктің ұстанымдарында жүру керек, әділдікке сүйену керек. Әділдіктің сөзін сөйлеген Зейнолла Әкімжановтың тұлғасы осыған сәйкес келеді.
Зейнолла Әкімжанов – солтүстік жұрты мақтанар азаматтың бірі. Оны белгілі ақын-жазушылар танымал тұлғалардың қатарына қосады. Мінберге шығып, сөз сөйлеген меймандар теріскей тумалары әрқашан құрметке ие екендерін айтып жатты.
ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
— Сәбеңдердің, Ғабеңдердің тойына келіп жүрдік, қызмет еттік. Қызылжардың қалам ұстаған барлық азаматына бас иеміз. Аз қазақтың ішінен шыққан бұл жандарды қоғам, мемлекет қайраткері деп білемін.
Зейнолла Әкімжановтың 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында “Ақиқаттан айнымаған ақын” атты кітаптың тұсауы кесілді. Оны әріптесіміз, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Самрат Құскенов жинаған.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
— Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының ерекшелігі өзінің атында тұр. Ол ақынның болмысын, азаматтың табиғатын айшықтайды. 3 бөлімнен тұратын кітап 200 данамен жарық көрді. Оның бағасын оқырмандар бере жатар.
“Ақиқаттан айнымаған ақын” кітабында елге танымал 72 адамның Зейнолла Әкімжанов жайлы естелігі бар. Олардың барлығы жерлесіміздің өмірін, өнерін және жеке қасиеттерін сөзбен суреттеген.

