Жуырда Малайзияда муай-тайдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Бәсі биік бәсекеде ел намысын 18 спортшы қорғады. Оның екеуі – солтүстікқазақстандық өрендер. Жерлестеріміз дүбірлі додада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, чемпион атанды.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан облыстың аға жаттықтырушысы:
— Әлем чемпионатына 800-ге жуық жас қатысты. Бәрі – «Сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар. Шәкірттерім үшін әр кездесу қиынға соқты. Жарыста бәселестік өте жоғары деңгейде болды. Енді алда өтетін Азия чемпионатына дайындаламыз.
Артем Ван-Хон-Тун әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Жалынды жас бәсі биік додада 5 кездесу өткізген. Соның үшеуін мерзімінен бұрын аяқтапты. Ол бұған дейін де жаһандық додаларға қатысып, жүлдегер атанған. Тек жеңімпаз атану мүмкін болмапты. Артем өз арманына жетті. Енді ол ересек арасында атой салуды көздеп отыр.
АРТЕМ ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан әлем чемпионы :
— Муай-тайға әкемнің жолын қуып келдім. Аталған спорт түрімен айналысып жүргеніме 8 жылдан асты. Әлем чемпионатында өзбекстандықпен кездесу өте қиынға соқты. Бастапқы раундта оған есе жібердім. Кейін бірден жиналып, бапкерлердің құрған тактикасының нәтижесінде жеңіске жеттім.
Дүбірлі додада тұғыр биігінен көрініп, көк Туымызды көкке көтергендердің арасында Камила Табылова да бар. Бұрымдының муай-таймен айналысып жүргеніне 7 жылға жуықтаған. Чемпион қыз аталған спорт түрін таңдағанына еш өкінбейді.
КАМИЛА ТАБЫЛОВА, муай-тайдан әлем чемпионы:
— Чемпионатта 2 кездесу өткіздім. Қарсыластарымды айқын басымдықпен жеңдім. Муай-тайға алғаш келген сәтте қатты қиналдым. Бірақ, бапкерімнің арқасында лезде үйренісіп кеттім. Аталған спортта ауыр соққылар қабылдайсың, түрлі жарақат аласың. Мен оған еш мойымаймын. Осы бағытты өзім таңдадым, енді ең биік шыңына дейін жетуді көздеймін.
Айта кету керек, облыста муай-таймен тұрақты түрде 450-ден астам адам айналысады.
Нұрасыл Ахмет

