Konstitutsia banner mobile

Қоғам

Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

Елорда төрінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы ұйымдастырылды. Алқалы жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Президент Қазақстан жаңа тарихи кезеңнің алдында тұрғанын атап өтті. Бұлай деуге бұған дейін айтылған негіз бар. Жақында Мәжіліс пен Сенаттың орнына Құрылтай келеді. Ал шілденің алғашқы жұлдызы күні жаңа Конституция заңды күшіне енеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз.

Бұл – аса маңызды міндет. Бұған Қазақстан халқы бірлесе атсалысуы қажет. Президенттің былтырғы Жолдауы есімізде. Мемлекет басшысы елімізді алдағы 3 жылдың ішінде дамыған цифрлық республикаға айналдыру мәселесін көтеріп, жауапты міндетті жүктеді. Ал Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы даму жоспарын айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев 5 негізгі бағытты атады.

1. Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру
2. Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру
3. Еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту
4. Толыққанды цифрлық мемлекет құру
5. Адам капиталын дамыту

Жалаң сөйлемнен тұратын бұл 5 бағыттың әрқайсысы Тәуелсіз елдің және жалпақ жұрттың көсегесін көгертуге негізделген. Алғаш айтылғанында Құрылтай маңызды рөлге ие. Оған іріктелген депутаттар дамудың даңғыл жолында аянбауы тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын.

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Мемлекет басшысы әдеттегідей сөзін жалынды ойымен аяқтады.

Байболат Құлтанов