Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне 2 мәселе шығарылды. Алғаш қаузалған түйткіл – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту. Мінберге энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әлішер Беспаев шықты. Атқамінердің сөзінше, облыстағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан асады. Өңірде барлығы 515 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтамасыз етілген.
ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
— Былтыр өңірде 88 елдімекен сапалы ауызсумен қамтылды. Оның ішінде 37 ауылда орталықтандырылған су жүйесі салынды. Сонымен қатар, облыста 5 топтық су құбыры қолданысқа берілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы елдімекендердің барлығы дерлік сапалы ауызсуды пайдаланып отыр.
Биыл облыста сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бағытында 4 жоба жүзеге асырылады. Маңызды іске 3 млрд 600 млн теңге бөлінді. Алқалы жиын барысында өзекті мәселенің беті ашылды. Бар ақпармен Әлішер Жанатұлы бөлісті.
ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
— Өңірде 246 ауыл топтық су құбырына қосылған. Өкінішке қарай, 45 ауылда су жинақтаушы қондырғылар жарамсыз күйде. Тағы 82-сінде мұндай қондырғы мүлдем жоқ. Сонымен қатар, бүгінде облыстағы су құбырларының 39 пайызы тозған. Кәріз жүйелерінің 66 пайызы ескірген.
Бұл – кезек күттіретін мәселе емес. Олқылықтың орнын толтыру қажет. Облыс әкімі жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Биыл облыстағы топтық су құбырлары күрделі жөндеу көреді. Кәріз жүйелерін де жаңартамыз. Әрине, барлық мәселені бір жылда шешу мүмкін емес. Бірақ, қолға алған әр іс сапалы атқарылса аз уақыттың ішінде жетістікке жетеміз. Сондықтан аталған салаға жауапты мамандар жүзеге асырылып жатқан жобаларды жіті бақылаңыздар. Алдағы уақытта кемшіліктер табылса барлығы жауапқа тартылады.
Келесі көтерілген мәселе – облыстағы құрылыс саласының даму қарқыны. Мінберге жаңадан тағайындалған құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қосым Аңсатбаев шықты. Оның сөзінше, жыл басынан бері облыста 100 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 340 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.
ҚОСЫМ АҢСАТБАЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
— Биыл Петропавлда ауданы 108 мың шаршы метрді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыс аудандарында да ауқымды жұмыс атқарылады.
Жиын соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов теріскейліктерге үндеу жасады. Тұрғындардан өзен-көлге түскен кезде барынша абай болуды және рұқсат етілген орындарда ғана демалуды сұрады. Себебі, жыл басынан өңірде су айдындарында 8 адам қаза тапқан.
Нұрасыл Ахмет

