Konstitutsia banner mobile

СҚО әкімдігі

Петропавл қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Облыстық кітапханада Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындармен кездесті. Алдымен шаһар басшысы мінберге шығып, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Биыл Петропавлға 55 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 259 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Серік Мақсұтұлының сөзінше, жарты жылдың ішінде облыс орталығында 25 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда көп.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— 2026 жылға арналған қала бюджеті 115 млрд теңгеге жуықтайды. Оның 70 пайызы бекітілді. Бөлшек саука көлемі 131 млрд 400 млн теңгені құрады.

Биыл қалада жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын 32 көшенің жолы жөндеу көреді. Маңызды іске 3 млрд 300 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы шаһарда 80 көпқабатты баспананың ауласы жаңартылмақ. Қала әкіміне алғаш болып сұрақ қойғандардың арасында 85 жастағы Екатерина Ильина болды. Кейуана Парк көшесі, 117 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйде тұрады. Баспана 1976 жылы қолданысқа берілген. Кейуананың сөзінше, қазіргі таңда үйдің шатырынан су ағады. Жоғары қабатта тұратын жандар үшін бұл мәселе бас қайғыға айналған.

ЕКАТЕРИНА ИЛИЬНА, қала тұрғыны:

— Шатыр орнататын компания өкілдерімен сөйлестік. Олар бізден 20 млн теңге сұрап тұр. Аталған қаражатты жинауға шамамыз жетпейді. Әкімдік тарапынан қандай да бір көмек көрсетілсе екен деймін.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Бүгін түстен кейін әкімдікке келіп, тұрғын үй инспекциясына өтініш қалдырыңыз. Ондағы мамандар мәселені жіті қарайды. Шығынды толық өтейміз деп уәде бере алмаймын. Бірақ, өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз.

Эльмира Қалижанова Жабаев көшесі, 167 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйде тұрады. Нәзікжандының сөзінше, баспана алдындағы аула сұрықсыз күйде. Балалардың ойнауына еш жағдай жасалмаған.

ЭЛЬМИРА ҚАЛИЖАНОВА, қала тұрғыны:

— Балалар үйдің алдындағы аулада ойнаса жарақат алып қала ма деп қорқамын. Сондықтан 500 метр ары орналасқан алаңға барады. Ұл-қыздарымыз көз алдымызда жүрмегесін уайымдаймыз. Осы мәселені шешсеңіздер екен деймін.

Серік Мақсұтұлы мәселе шешілуі үшін көпқабатты үйде тұратын баспана иелерінің барлығы әкімдікке өтініш жазуы қажеттігін айтты. Мәселе тамыз-қыркүйек айларында өз шешімін табатынын жеткізді. Айта кету керек, бұл күні шаһар басшысына 50-ге жуық адам өз сұрағын қойды.

Нұрасыл Ахмет