Антоновка ауылындағы «Борисфен» ЖШС базасында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын екінші тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жоба 400 бас голштин тұқымды ірі қара малға арналған.
ВЯЧЕСЛАВ КИМ, «Борисфен» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
— Жаңа фермада «Параллель» үлгісіндегі екі сауу залы орнатылады, әрқайсысы бір мезетте 10 сиырды саууға арналған. Кәсіпорын тұрақты дамып келеді, егістік алқаптары мен мал азығына арналған жайылымдары бар. Қазір фермада 38 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Шикізат Антоновка ауылында орналасқан «Shaiyr Agro» ЖШС кәсіпорнында өңделетін болады. Мұнда биыл қыркүйек айында дайын өнім шығаратын заманауи сүт өңдеу цехын іске қосу жоспарланған. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Ал Кутузовка ауылында «Север Агро LTD» ЖШС құрғақ бие сүтін өндіретін ферма жұмыс істеп тұр.
Аудан орталығы Саумалкөлде орталық стадионның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Спорт нысанында футбол алаңы, жүгіру жолы, көрермендерге арналған трибуна, баскетбол алаңы және өзге де спорт түрлеріне арналған орындар болады деп күтілуде. Өңір басшысы алты жылдан астам уақыт пайдаланылмаған жаңа қазандықты жөндеу жұмыстарымен де танысты.
Бұдан бөлек Саумалкөлде кәріз-тазарту құрылыстары қайта жаңғыртылып, орталық саябаққа ауқымды реконструкция жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 150 млн теңге. Жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатыр. Айыртау ауданында Қазақстандағы бірегей білім беру ұйымдарының бірі орналасқан. Мұнда жүзу бассейні, тир және амфитеатр бар.
Ғауез Нұрмұхамбетов Саумалкөл ауылындағы мектеп-гимназияға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын және белгіленген мерзімнің қатаң сақталуын тапсырды. Ал аудан тұрғындары үшін маңызды оқиғалардың бірі – күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалының қайта ашылуы болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Сапаржайға соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген болатын. Содан бері 14 жылдан астам уақыт өтті. Қайта жаңғырту нәтижесінде нысанға жаңа тыныс берілді деуге болады. Жөндеу барысында ғимараттың сыртқы келбеті толық жаңартылып, инженерлік желілер мен жолаушылар күту залдары заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Саумалкөл» теміржол вокзалы толық жаңарып, жолаушыларға қолайлы әрі заманауи инфрақұрылыммен жабдықталды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
ЖӘНІБЕК ТАЙЖАНОВ, ҚР көлік вице-министрі:
— Саумалкөл-Солтүстік Қазақстан облысындағы маңызды елді мекендердің бірі. Ал теміржол вокзалы аудан тұрғындарының көлік қатынасын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Жүргізілген жаңғырту жұмыстары жолаушылардың жайлылығын арттырып, қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.
Ал «Ботай» археологиялық ескерткіші аумағында Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген қонақтардың басын қосқан этнофестиваль өтуде. Өңір басшысы фестиваль алаңдарын аралап, іс-шара бағдарламасымен танысты. Ол фестивальдің тарихи-мәдени мұраны дәріптеу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және туризмді дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов «Ботай» археологиялық базасының модульдік ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Жаңа нысан археологтардың жұмысына, ғылыми зерттеулер жүргізуге және Ботай мәдениетінің бірегей тарихи мұрасын сақтауға заманауи жағдай жасайды.
ГҮЛНӘР МҰҚЫШЕВА, СҚО музейлер бірлестігінің жетекшісі:
— Археологтарымыздың жұмысына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта негізгі және апаттық кіреберіс, техникалық бөлме, электр қалқаны, төрт адамға арналған тұрғын бөлмелер, сондай-ақ археологиялық олжаларды сақтауға арналған арнайы қойма болады.
Ғауез Нұрмұхамбетов ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен және тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Айыртау ауданының одан әрі дамуы, аграрийлерді қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
— Аудан экономикасының негізі – агроөнеркәсіптік кешен. Биыл қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,7 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 пайыз болды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жолдардың сапасы мен бірқатар нысандарда пандустардың жоқтығына шағымданды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде бұл талаптарды міндетті түрде техникалық тапсырмаға енгізуі қажет. Жолдар, көшелер, тротуарлар жөнделгенде олардың барлығы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін қозғалуына ыңғайлы болуы тиіс. Асфальтпен кедергісіз жүріп-тұруға барлық жағдай жасалуы керек.
Одан кейін облысы әкімінің жұмыс сапары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жалғасты. Ғауез Нұрмұхамбетов Новоишимское ауылында орналасқан Қазақстандағы алғашқы цифрлық музейдің жұмысымен танысты. Бұл – заманауи цифрлық технологиялар мен өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын ұштастырған бірегей жоба. Сондай-ақ, аудан орталығында қайта жаңғыртудан өткен «Жаңаесіл» теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараты мен инженерлік инфрақұрылымы кешенді түрде жаңартылды. Ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жөнделіп, айналасы абаттандырылды. Жолаушыларға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Жаңартылған вокзалдар қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы және қолжетімділік талаптарына толық сәйкес келеді.

