Мереке иелерін құттықтау кезегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне келді. Кеше, яғни маусымның 28-і күні елімізде ақпарат саласында еңбек етіп жүрген мамандар кәсіби мейрамдарын атап өтті. Осыған орай өңірдегі қызметкерлерді аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Құрметті журналистер, БАҚ қызметкерлері мен ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ақпарат саласы – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Ел тынысы мен заман үнін халыққа жеткізетін маңызды сала. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамдағы сенімді нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Журналистің басты миссиясы – ақиқатты айтып, ел мүддесіне қызмет ету. Сондықтан бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді.
Биыл жыл жергілікті БАҚ өкілдерінің есінде ұзақ сақталмақ. Кәсіби мерекеге орай әріптестерімізге түрлі деңгейдегі марапат табысталды. Ең айтулысы – пәтер кілттері. Бұл – аймақтардағы мамандарды қолдаудың айқын үлгісі. Баспана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан берілді.
ДИАС АЯҒАН, “Soltustik Qazaqstan” облыстық газетінің тілшісі:
— Мен 4 жылдан бері облыстық Солтүстік Қазақстан газетінде еңбек етіп келемін. Бүгінде осы газеттің экономика бөлімі меңгерушісі қызметін атқарамын.
Бұл кеште Муниципалды арнаның да өкілдері ортаға шықты. Арнамыздың басшылық, редакторлық құрамы, дыбыс режиссері, бас дизайнері марапат алды. Телеарна директоры Ерлан Тоқшылыққа “Ақпарат саласының үздігі” төбелгісі табыс етілді.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, МТРК телеарнасының директоры:
— Біз, жас журналистер алдағы уақытта ағаларымыздың жолын қуып, ақпарат саласында еңбек етуге тырысамыз. Ғауез Торсанұлы, сізге де зор алғысымды білдіремін. Бүгін өңірімізде 2 жас маман Мемлекет басшысы атынан пәтер алды. Бұл бізге деген зор сенім, құрмет.
БАҚ өкілдері күніне арналған салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың тартуымен аяқталды.

