Құқық қорғау органдары

Велосипед ұрлығының алдын алу

Үй алдында немесе подъезде тұрған велосипедті қолды қылу оңай. Қолының қыспасы бар ұрылар оны ешкімге білдіртпей жетелей кетеді. Жаз басталғалы мұндай жайттар жиілеп кеткен. Олай айтуымызға себеп бар. 1 айға жуық уақыт ішінде Петропавлда 23 велосипед ұрлығы тіркеліпті. Жағымсыз статистика одан әрі өршіп кетпес үшін полицейлер рейд шарасын өткізді. Оның барысында тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

БӘДЕН ҒАЛИАСҚАРОВА, қалалық ПБ жедел криминалдық бөлімінің жедел уәкілі:

— Велосипедті камерасы бар жерге қалдырған жөн. Тұрғындардан қос дөңгелекті көліктерінің міндетті түрде құжаттарын сақтауды сұраймыз. Бұл бізге қылмысты ашуға көмектеседі.

Оңай жолмен бөтеннің мүлкін қолды қылатын бұзақылар жер-жерде орналасқан бейнебақылау камераларын да елеп жатқан жоқ. Мәселен, жақында 13 жастағы қала тұрғыны велосипедін “Жеңіс” спорт кешенінің жанына қалдырып кетеді. Оны аңғарған 54 жастағы ұры немересіндей баланың қос дөңгелекті көлігін сол мезетте мініп кеткен. Полицейлер баукеспені бірден құрықтады. Оның үстінен ҚР ҚҚ 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, айыпталушы бұрын сотталмаған. Рейд барысында полицейлер тұрғындарға осы сияқты фактілер жайлы айтып, жеке мүлікке ұқыпты қарау керектігін айтты.

Сонымен қатар, полицейлер велосипед мінген жандардан жол-қозғалысы ережелерін сақтауды сұрады.

Нұрасыл Ахмет