Білім

Тілшілер үшін шеберлік сабағы ұйымдастырылды

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Мереке қарсаңында сала мамандары қаламды қылқаламға ауыстырды. Петропавлда орналасқан жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бейнелеу өнері бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

ВИКТОР СОСИН, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ директоры:

— Мектеп БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста. Мереке қарсаңында 10-нан аса маманды шақырдық, мақсатымыз – қуанту, ерекше көңіл-күй сыйлау. Білім ұямыздың тыныс-тіршілігін халыққа жеткізетін сала өкілдеріне алғысымыз шексіз. Біз тілші, оператор сынды жандардың арқасында тұрғындарға жақынбыз.

Шеберлік сабағына қатысушы жандарға ортақ бір тапсырма берілді. Олар монстера өсімдігін қағаз бетіне түсіруі тиіс. Салу тәсілін арнайы маман алдын ала түсіндірді, іс барысында көрсетті. Данагүл Үртеміш – Soltústіk Qazaqstan газетінің тілшісі. Ол мұндай шараға алғаш рет қатысып отыр.

ДАНАГҮЛ ҮРТЕМІШ, “Солтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі:

— Өзімді суретке жақын адам деп санамаймын. Сонда да өте қызықты болды. Соңғы рет суретті мектеп қабырғасында салған шығармын. Барлық БАҚ өкілін мерекемен құттықтаймын!

Мереке қарсаңында БАҚ өкілдері марапатқа да ие болды. 12 маманға Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Алғыс хатын табыс етті.

Байболат Құлтанов