Ыстықтан шаршаған солтүстікқазақстандықтар мен өңір қонақтары осы күндері өзен-көлдерге ағылуда. Басты қағиданы ескен шығармайық – ақырын жүріп, анық бас. Жағажайға табан тигізген әрбір демалушы осыны білу керек. Дегенмен, бұл талапқа барлығы бірдей құлақ аспайды. Салдарынан жазатайым жағдайлар орын алады. Бұған жол бермес үшін Петропавлда кезекті акция өтті.
АБЫЛАЙХАН ЖАҚСЫЛЫҚ, СҚО ТЖД аға инженері:
— Бүгінгі “Судағы қауіпсіздік” акциясы облыстық прокуратурамен бірге ұйымдастырылды. Департамент қызметкерлері күнде бақылау шарасын өткізеді. Көбінесе тыйым салынған орындар тексеріледі. Қазіргі таңда адамдарға 54 хаттама толтырылды.
Яғни, 54 адамға айыппұл салынған. Пестрое көлі жағасында демалған жандарға осы жайлы және қауіпсіздік ережелері айтылды. Негізгі талаптар жазылған жаднама қағаз да таратылды. Акция барысында демалушыларға алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да айтылды. Биыл қауіпті орындарға жүздеген тыйым салу белгісі орнатылған.
ДӘУЛЕТ АҚЫЛБЕКҰЛЫ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
—500-ден астам тыйым салу белгісі орнатылды. Бұл қауіптің алдын алады. Акция жаз аяқталғанша дейін жалғасады. Рейдтер жүзеге асырылуда. Заң талаптары түсіндірілуде.
Акция ұйымдастырушыларының сөзінше, өңірде 61 орында ғана шомылуға болады. Олар 13 көл мен Есіл өзенінің бойында орналасқан. Егер адамдар рұқсат етілмеген жердегі суға түссе, жазаға тартылады.
Ұлан Ыдырыс