Қоғам

Ескі әдетке қайта басқан жұмыс берушілерді қатаң жаза күтіп тұр

Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты жоқ Өзбекстан Республикасының 11 азаматы анықталды. Көршілеріміз Петропавлдағы құрылыс алаңдарында тер төккен. Жұмыс берушілердің аты-жөні мәлім. Олар бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылыпты. Яғни, ескі әдетке қайта басып, заңнаманы өрескел бұзып тұр. Заңның ала жібін кезекті мәрте аттағандары үшін құрылыс иелеріне 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

— Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері шетел азаматтарының еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін 57 жұмыс берушіні жауапкершілікке тартты. Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзғаны үшін 826 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, солардың ішіндегі 39 тұлға ел аумағынан шығарылды.