Мағжан Жұмабаев ауданының 3 бірдей тұрғыны интернет-алаяққа алданып келген. Айлакер оларға жүргізуші куәлігін емтихансыз және түрлі рәсімдерсіз алып беруге уәде еткен. Қызметі үшін 350 мыңнан 405 мың теңгеге дейін ақша аудартқан. Арам ойын жүзеге асырған күдікті ұсталды. Ол Қостанай қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеушінің айтуынша, пысықай адамдармен тез тіл табыса алады. Осы қасиетінің арқасында аса таныс емес тұлғаларды көндіріп, солардың банк карталары арқылы жәбірленушілердің ақшасын қабылдаған. Тергеу бір айдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде алаяқ 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына және мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сотталған азамат келтірілген шығынның бір бөлігін өтеп үлгерді. Үкім заңды күшіне енді.