Экология

“Таза Қазақстан”: белсенділер Жеңіс саябағын жинады

Петропавлдағы Жеңіс саябағында “Таза Қазақстан” акциясы аясында тазалық шарасы өтті. Іс-шараға қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері, Ассамблея жастары мен ақпарат және қоғамдық даму орталығының мамандары қатысты.

МӘДИНА ИСМАИЛОВА, СҚО ІСБ ақпарат және қоғамдық даму орталығының маманы:

— Біздің мақсатымыз – қаланы барынша тазалап, абаттандыру, табиғатымызды аялап, оған қамқорлық жасау болып табылады. Негізі, әр жас азаматтың экологиялық мәдениет туралы түйсігі мол болуы тиіс. Бүгінгі шараның ауқымы кең. Бір уақытта бүкіл өңір бойынша 400-ден астам адам қатысып жатыр.

Қоқыс жинап жүрген жастардың ісі – өзгеге үлгі. Негізі, қоқысты жинамас үшін әуелі оны шашпаған дұрыс. Бейсенбілік пен сенбіліктерден қалыс қалмайтын волонтерлер тұрғындарға айналаны таза ұстаудың, табиғатты аялаудың маңызын түсіндіріп жүр.

АЙНҰР СӘРСЕНБАЕВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— “Таза Қазақстан” акциясы аясында СҚО-да 2026 жылдан бастап, қалалық және облыстық орталықтары бірігіп, 250-ден астам іс-шара өткізді. Іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Саябақтар, скверлер, өзен жағалаулары, аулаларды тазалау, ағаштарды, бұталарды отырғызу жұмыстары өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай іс-шаралар тек сенбіліктермен ғана шектелмейді. Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі диалог алаңдары, квесттер мен зияткерлік ойындар өткізіледі.