Спорт

Петропавлдық волейболшы қыздардың жарқын жеңісі

Солтүстікқазақстандық “PRIME” волейбол клубы Щучинск қаласында өткен “Burabay cup” республикалық турнирінде топ жарды. Алтыннан алқа тағынған қыздарды жерлестеріміз құшақ жая қарсы алды. Сән-салтанатпен күтіп алған ата-аналардың, спортсүйер жастардың жүздері бал-бұл жайған.

ИВАН ШМЕЛЁВ, волейбол клубының бас бапкері:

— Республикалық турнир 19-23-ші маусым аралығында өтті. Оған 2010-2011 жылы дүниеге келген қыздар қатысты. Бізден бөлек, 13 команда бақ сынады. Қарсыластарымыз – мықты, тәжірибелі ұжымдар. Ойындар тартысқа толы болды. Әсіресе жартылай финалда басты фавориттерді қапы қалдырдық. “PRIME” волейбол клубы үшін бұл жақсы нәтиже дегім келеді. Қыздарды жаттықтырып келе жатқаныма 2 жыл болды.

Команда сапында 12 қыз өнер көрсетті. Олардың қатарындағы Таисия Котлярова турнирде “Ең үздік ойыншы” деп танылды.

ТАИСИЯ КОТЛЯРОВА, волейболшы:

— Бұл жарысқа 4 ай дайындалдық. Барымызды салып ойнадық. Қарсыластарымыз өте тәжірибелі. Бірақ төгіліген тер ақталды. Өзім волейболмен 2 жылдан бері айналысамын. “PRIME” волейбол клубына өткен жылы қосылдым. Бұл – мен үшін алғашқы республикалық турнир. Қуанышымда шек жоқ.

Айта кетейік, бұл – “PRIME” волейбол клубы үшін алғаш жеңіске жеткен турнир. Алдағы уақытта волейболшы қыздар өзге де республикалық сайыстарға дайындалатын болады.

Ұлан Ыдырыс