Петропавлда кезекті мәрте “Құқықтық көмек” акциясы өтті. Шара аясында құқық қорғау органдарының мамандары мен “Отбасы банк” қызметкерлері бірнеше азаматпен тілдесіп, тегін ақыл-кеңес берді, өзекті мәселелерді қағазға түртіп алды. Айта кету керек, жұртшылық үшін ыңғайлы бастаманың ұйымдастырылуына қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары мұрындық болып отыр.
МҰСА ӘУБӘКІРОВ, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Акцияның басты мақсаты – халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету. Шараны Қазақстан Конституциясы көшесінде өткізіп отырмыз. Мұнда адамдар көп жүреді.
Қала тұрғыны Елена Маслакова – “Отбасы банк” салымшысы. Баспана аламын деп ақша жинап жүргеніне 3 жылдан асыпты. Ол банк қызметкерінен қолданыстағы мемлекеттік бағдарламар жайлы сұрап, мол ақпар алды.
ЕЛЕНА МАСЛАКОВА, қала тұрғыны:
— Банк қызметкерінен өзіме керекті деректерді алдым. Олар маған “2-10-20” бағдарламасын ұсынды. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Құны 30 млн тұратын баспаналарды алуға болады екен. 20 жылға несие беріледі. Ертең “Отбасы банктің” кеңсесіне барып, бағдарламаға өтініш беремін.
Айта кету керек, “Құқықтық көмек” акциясы аясында 50-ге жуық адам өз сұрақтарын қоя алды. Мұндай шара Петропавлда шілде айында да өтетін болады.
Нұрасыл Ахмет