Қабылдаудағы өтініштердің бірі Мамлют ауданынан түсті. Тұрғындар облыстық маңызы бар Бостандық-Новомихайловка автожолын жөндеу мәселесіне назар аударуды сұрады. Сонымен қатар, Бостандық ауылындағы ішкі көшелерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру және су мұнарасын жөндеу мәселелері де көтерілді. Қызылжар ауданындағы Березовка ауылына қатысты мәселелер де кеңінен талқыланды. Ауыл тұрғындарының басты өтініші – Орталық көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу. Олардың айтуынша, екі жылға жоспарланған ұзындығы шамамен 1,5 км болатын жол учаскесінің қазіргі жағдайы көптеген сын-ескертпелер туғызуда. Ірі қиыршық тас төселгеннен кейін жағдай жақсармай, керісінше жүргізушілер үшін қиындықтар туындаған. Ауыл тұрғындары көліктердің әйнектері жарылып, сырлары кетіп жатқанын айтады. Мұндай жолмен жүру жаяу жүргіншілерге, әсіресе егде жастағы адамдарға да қолайсыздық туғызуда. Қабылдау барысында жол мәселесімен қатар балалардың білім алу жағдайы да сөз болды. Березовка ауылындағы мектепте толыққанды спорт залының жоқтығы мәселесі көтерілді. Бұл бүгін Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов пен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың қатысуымен қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша аталған мәселені шешудің алдағы қадамдары айқындалды.
СВЕТЛАНА ВЫЛУБКОВА, Берёзовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Мектебімізде спорт залы жоқ. Балалардың мерекелік іс-шаралар өткізетін де, спортпен айналысатын да орны жоқ. Ауыл балалары үшін үйірмелер мен спорт секциялары жеткіліксіз. Олар би, күрес, бокс сияқты қосымша сабақтарға қатыса алмай отыр. Біз жаңа мектеп салуды сұрамаймыз, балалардың жан-жақты дамуы үшін ең болмаса спорт залын салып беруді өтінеміз.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Биыл жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 62 млн теңге бөлінеді. Сондықтан, осы мәселені пайдаланып, шаруашылық субъектілерінің басшыларымен сөйлесіп, балаларға арналған қарапайым спорт залын салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Тұрғындар орынды мәселе көтеріп отыр. Егер кәсіпорындар бұл іске өздері атсалысса, құрылысты әлдеқайда тиімді әрі арзан жүргізуге болады. Олар бірігіп, ауыл балалары үшін спорт залын салып берсін. Ал нысан дайын болғаннан кейін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесеміз. Ол үшін міндетті түрде миллиард теңгелік дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салудың қажеті жоқ. Шамамен 100 млн теңгеге де спорт залын тұрғызуға болады.
Қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініштер тиісті қарауға жіберілді. Облыс әкімі тұрғындарды толғандырған мәселелер жедел шешілуі тиіс екенін атап өтіп, көтерілген сұрақтарды жеке бақылауына алды.
Ұлан Ыдырыс