Білім

Мобильді және компьютерлік ойындарды әзірлеу бойынша оқыту курсы

Петропавлдағы “Qyzyljar” креатив орталығында мобильді және компьютерлік ойындарды әзірлеу бойынша оқыту шарасы басталды. Білген-түйгендерімен бөлісу үшін өңірімізге Astana hub өкілдері арнайы келген. Аталған бағытта аянбай еңбек етіп, оң нәтижеге жетіп жүрген елордалық мамандар ойы ұшқыр солтүстікқазақстандық жастарды жиды. Сырт көзге қарапайым жұмыс сияқты. Алайда, бұл инемен құдық қазғанмен бірдей. Өнім сапалы әрі қызықты шығу үшін әр кезең дұрыс ойластырылуы, құрастырылуы керек.

ЭЛИНА КИМ, GameDev Center Astana hub жетекшісі, Астана қаласы:

— Бұл – нарықта кең етек жайып келе жатқан бағыт. Қазір мобильді және компьютерлік ойындар музыка мен кинодан да көп табыс әкеледі, сұраныс аса жоғары. Бұған көз жеткіздік. Өкінішке қарай, Қазақстанда өндіруші компаниялар саны өте аз. Бізге өсу керек. Сол үшін өңірлерді аралауды бастадық. Тегін сауат ашу шараларын өткіземіз. Егер көзінде оты бар балаларды байқасақ, әрмен қарай бірлесе жұмыс істейміз, тәжірибеден өтуге шақырамыз.

Сапалы, сұранысқа иелік ететін мобильді және компьютерлік ойындар бір күнде пайда болмайды. Дайындаудың өзіндік тәртібі бар. Солар қатысушыларға бастан-аяқ айтылады, оқыту курсы соңында жалынды жастарға сертификат беріледі.

СЕЙІЛХАН ЖАМБЫЛ, оқыту курсына қатысушы:

— Маған бағдарламалау бағыты өте ұнайды. Қазір әртүрлі курстарға қатысып жүрмін. Бүгінгі 3 күндік шарадан қалыс қалмауды жөн көрдім. Бастамасы өте қызық, 3D-нысандарды дайындау бойынша кеңестер айтылып жатыр. Бұрын естімеген дүниелер де бар. Өзіме “Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз” деген ой түйдім. Астанадан келген мамандарға алғыс білдіремін.

GameDev Center Astana hub өкілдері өзге өңірлерден де шақырту күтеді. Егер ұсыныс болса мамандар Қазақстанның облыстарын аралап, осы сынды оқыту шарасын ұйымдастырмақ ниетте.

Байболат Құлтанов