Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде қазіргі күні талапкерлерді қабылдау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы арнайы орта білім беретін мекемеге 150-ге жуық грант бөлінді. Оқуға түсуге ниет білдірген ұл-қыздарға білім ордасы 7 бағыт ұсынып отыр. Ол үшін талапкер арнайы психологиялық тесттен өтіп, биология пәнінен емтихан тапсыруы тиіс.
НҰРБОЛАТ ИМАНЖАНОВ, Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры:
— Біздің колледж жеті бағыт бойынша медицина мамандарын даярлайды. Олардың ішіне фельдшер, акушер, мейіргер, тіс емдеу бөлімінің және стоматологиялық ортопедия бөлімінің мейіргері сынды мамандықтар кіреді. Биылғы жылы бізге 150 грант бөлінді. Оның 100-ге жуығы мейіргерлік іс бөліміне, ал қалғандары емдеу және зертханалық диагностика бөліміне қарастырылған. Бұдан бөлек біз ақылы негізде білім алуға ниетті жандарды да қабылдаймыз. Олар 25-ші тамызға дейін құжат тапсыруы тиіс. Ал грантқа түсу үшін 10-шы тамызға дейін үлгеру қажет.
Қазіргі таңда медициналық колледж балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауда. Мұнда жаңа технологиялар да қолданылады. Бұдан бөлек аудиториялар барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Материалдық-техникалық база жаңартылған. Сонымен қатар, білім ордасы төңірегінде жаңа жатақхана құрылысы жүріп жатыр.
НҰРБОЛАТ ИМАНЖАНОВ, Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры:
— Бізде арнайы симуляциялық орталықтар, анатомия бойынша көрнекті құралдар да бар. Сонымен қатар, 270 адамға шақталған жатақхана құрылысы да жүріп жатыр. Ол биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.
Жоғары медициналық колледжгеи оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлердің қатарында Карина Леонова бар. Ол Петропавлға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылынан келіп отыр.
КАРИНА ЛЕОНОВА, талапкер, М.Жұмабаев ауданы:
— Өзім кішкентай кезімнен бастап ақ халатты абзал жан болуды армандадым. Сол себепті, мектепті тәмамдағаннан кейін бірден осы колледжге құжат тапсырамын деп шештім. Әзірге бір екі ғана қағаз қалды. Барлығы дайын болғаннан кейін грантқа түсемін деп үміттеніп отырмын.
Қазіргі таңда Жұмағали Тілеулин атындағы медициналық колледжде 1 мыңнан астам ұл-қыз оқиды. Биыл білім ордасынан 270-ке жуық түлек түлеп ұшты.
Ұлан Ыдырыс