Мәдениет

Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін – қазақтың ақиық ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Айтулы датаға орай Петропавлда Алаш арысының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шарада зиялы қауым өкілдері мен жастар біртуар тұлғаның өмірбаянына терең бойлады. Ақынды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мағжан орталығының директоры Жарасбай Сүлейменовтің ақынды зерттеп жүргеніне 20 жылға жуықтапты. Тіпті, Алаш арысына арнап 500 беттік энциклопедия жазған екен.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, Мағжан орталығының директоры, жазушы:

— Мағжан Жұмабаев Мәскеуде қазақ жастарының басын қосып, “Табалдырық” атты бағдарлама ашты. Халқымыздың ертеңін ойлаған азаматтар бірігіп, қазақ әдебиетін зерттеді. Ол осы әрекеті үшін қуғын-сүргінге ұшырады.

Ортада – сонау Түркістан облысынан келген Әдемі Ырысбай. Бұрымдының Мағжан шығармашылығына қызығып жүргеніне 5 жылдан асқан. Айта кету керек, ол “Мағжан оқулары” республикалық байқауына қатысып, топ жарған.

ӘДЕМІ ЫРЫСБАЙ, “Мағжан оқулары” республикалық байқауының жеңімпазы, Түркістан облысы:

— Мағжанның өлеңдері рух береді, бірлікке шақырады.  Қазақтың ақиық ақынының кіндік қаны тамған жерге аяқ басу мен үшін мәртебе.

Ескерткіш маңына жиналғандардың ендігі мақсаты – ақынның мұрасын көздің қарашығындай сақтап, елдің дамуына зор үлес қосу.

Нұрасыл Ахмет